Назарбаев университеті жанындағы ISSAI зерттеушілері қазақша дубляж жасайтын AI-платформа ұсынды

Қазақ тілінде фильмдерді автоматты түрде дубляждау және мүгедек кісілер үшін кедергісіз қоғам қалыптастыру. Назарбаев университеті жанындағы ISSAI Connect институтының зерттеушілері мен жас ғалымдары осы бағытта тың технологияларды таныстырды. Жасанды интеллектіге негізделген ақпараттық жүйелердің артықшылығы қандай?
Бұл – жасанды интеллект көмегімен жасалған дубляж. Жоба авторларының айтуынша, технология фильмдегі актердің дауыс ырғағы мен эмоциялық реңкін барынша сақтайды. Көрерменге экрандағы кейіпкер өз тілінде сөйлеп тұрғандай әсер береді. ISSAI Voice Studio платформасы тәулігіне мыңға жуық фильмді автоматты түрде дубляждай алады.

ӘУЕСХАН ӘЛІБЕКОВ, ISSAI CONNECT ИНСТИТУНЫНЫҢ ДЕРЕКТЕР ТАЛДАУШЫСЫ:
— Ағылшын тіліндегі кез келген фильмді жүктеп, қазақ тілінде аудара аласыз. Ол, біріншіден, акцентті сақтайды. Бір күннің ішінде 1 мың фильм өңдей алады. Ал арнайы студиялар бір фильмді бірнеше апта өздері өңдейді.

Жасанды интеллектіге негізделген жобалардың басым бөлігі әлеуметтік саланы да қамтыған. Соның бірі – Joldas AI мобильді қосымшасы. Ол көру қабілеті нашар және зағип жандарға көмектесуге арналған. Ақпараттық технология айналаны сипаттап, жол белгілерін таниды, мәтіндерді оқып, тіпті заттарды анықтайды. Кейін ақпаратты табиғи дауыс арқылы жеткізеді. Ал 11-сынып оқушысы Жошы Халелов есту қабілеті бұзылған азаматтарға ерекше платформа әзірлеген.

ЖОШЫ ХАЛЕЛОВ, 11 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ /БҚО/:
— Тек жеке сөздерді емес, тұтас ым тіліндегі сөйлемдерді таниды. Кейін оны мәтінге айналдырып, табиғи дауыспен дыбыстайды. Жоба нақты уақыт режимінде жұмыс істейді. Бұл есту қабілеті бұзылған адамдарға Халыққа қызмет көрсету орталықтары, аурухана мен банктерде және басқа да қоғамдық орындарда сурдоаудармашының көмегінсіз еркін қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді.
Назарбаев университеті жанындағы ISSAI Connect институты 2021 жылдан бері Қазақстанның әр өңірінен келген Жошы Халелов секілді жоғары сынып оқушылары мен студенттерге арналған жазғы зерттеу бағдарламасын өткізіп келеді. Соның аясында қатысушылар жасанды интеллект бағытында нақты жобалар әзірлейді.

РАХАТ МЕЙРАМОВ, ISSAI CONNECT ИНСТИТУНЫНЫҢ ДЕРЕКТЕР ТАЛДАУШЫСЫ:
— Тоғыз оқушыны үйреттік, 6 апта ішінде олар сөзді танитын модельдерді оқыды, компьютер Vision цифрлық көру модельдерін үйренді. Соңында, 2 апта ішінде бір жобаны дайындау керек болды. Олар 2 апта ішінде 400 сағат көлеміндегі ақпаратты жинап, оны өңдеп, өздерінің ЖИ моделін құрастырды және бұл модель өзін жақсы көрсете алды.
Институт зерттеушілері Energy Hub алаңында жасанды интеллектке негізделген тың технологияларды таныстырды. ISSAI Voice Studio, Mangi Soz App, Joldas AI және Qolda шағын тілдік моделі көпшілік назарына ұсынылды. Авторлардың айтуынша, жобаның бірқатары қазір сынақтан өткізіліп жатыр. Алдағы уақытта оларды түрлі салада кеңінен қолдану жоспарланып отыр.

———————————————

#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал