Самса пісіреміз деп, жарылыстың ортасында қалды. Астанадағы базарлардың біріндегі тандырханада 50 литрлік газ баллон жарылып, төрт адам зардап шекті. Екеуінің жағдайы өте ауыр. Жарылыс кезінде жарақат алған бала да жансақтау бөлімінде жатыр. Полиция бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Жарылыстан кейін тандырхананың сыйқы осындай. Қабырғасы қақырап, пеші жарылып, төбесі түсейін деп тұр. Айналасы қызыл лентамен қоршалған. Соған қарағанда қауіп әлі де бар.
Тандырхана базарға жапсарлас салынған ғимараттың бірінші қабатында жұмыс істеген. Жұмысшылар самса пісіргенде газ баллонын пайдаланған болса керек. Төтенше жағдай мамандарының айтуынша, бүгін таңертең 50 литрлік газ баллонынан газ шығып, салдарынан жарылыс болған.
АСЛАН ТІЛЕУБАЕВ, БАЙҚОҢЫР АУДАНДЫҚ ТЖБ БАСШЫСЫ М.А.:
— 9:01-де біздің орталыққа ақпарат түсті. Күш пен құралдар келген кезде, жарылыстың шынында орын алғаны белгілі болды.
Құтқарушылар үш адамды қиранды арасынан шығарып, ауруханаға жеткізген. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жарылыстан төрт адам зардап шекті, біреуі – бала.
ДИНАТ ҚОЖЕКЕНОВ, №2 ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Баланы травматолог пен мен реаниматологтар қарап шықты. Жағдайының ауырлығына байланысты бала жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазір оның жағдайы тұрақталып келеді.
Екі ересектің хәлі ауыр. Денсаулық сақтау басқармасы өкілі олардың бірінің денесінің 80 пайызын күйік шалғанын растады.
САХИБЕК ОРЫНБАСАРОВ, №1 ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ КОМБУСТИОЛОГ-ДӘРІГЕРІ:
— Бүгін шұғыл түрде үш науқас жеткізілді. Екі науқастың жағдайының ауырлығына байланысты жансақтау бөліміне жатқызылды. Ал бір науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық ем алуға жіберілді.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Жарылыстан жақын маңдағы сауда нүктелері зардап шекті. Мысалы, мына дүкеннің терезесі қираған. Кәсіпкер қазір айналаны жинап жатыр. Келген шығынды әлі есептемеген.
Кәсіпкер мүлкін сақтандырмағанын айтты. Ол шығынның өтеуін кімнен сұрайтынын білмейді. Өйткені, базар басшылығы өздерің көтересіңдер деген. Тандырханадағы жарылыстың нақты себебі мен оған кінәлі адамды полиция анықтайды. Қылмыстық іс қозғалды. Бұған дейін ақпан айында Щучинск қаласында «Палау орталығында» газ баллоны жарылып, 12 адам қайтыс болды. Дәмхана иесі, газ құю бекетінің директоры мен газ баллонын жеткізген адам ұсталды. Іс сотта қаралып жатыр.
———————————————
#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.