Синоптиктер Шымкентте соңғы жүз жылдағы рекордтық ыстық болатынын ескертті

Шымкентте алдағы үш күнде 48 градусқа дейін ыстық күтілуде. Бұл туралы тұрғындарға ескерту хабарлама келе бастады. Синоптиктер мұндай ыстық жүз жылдан бері болмағанын айтады. Ал медицина мамандары қала тұрғындары мен қонақтарына ыстық қайтқанша сыртқа аса қажеттіліксіз шықпауға кеңес береді. Дегенмен жедел жәрдемге түсетін қоңырау саны әдеттегіден аса қатты өзгере қоймаған. Ақ халаттылар мұны тұрғындардың ыстық ауа райына бейімделгенімен байланыстырады. Десе де балалар мен егде жастағыларға және қан қысымы, созылмалы ауруы бар жандарға сақтық шараларын қатаң ұстануды ескертеді.
ЖАНАТ ЖАРМЕНОВА, МЕТЕОБОЛЖАУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
— Аптап ыстық жалғасады, ауа температурасы 44-49 градусқа дейін жетеді, ал таулы аудандарда 38 градус күтілуде. Бұрын температура 46 градусқа дейін жеткен, ал жүз жыл бақылау бойынша 48 градус болмаған.

ГҮЛБАНУ ЖАПБАР, МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ БЕКЕТ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Бұл біздің жұмысымызға кері әсерін немесе тікелей өзгерісін әкелді деп айта алмаймын. Өйткені шақырту саны да көп артқан жоқ. Қазіргі таңда тәулік бойына бізде 2300-2400 шақыртуға дейін түсіп отыр. Ауа райына байланысты қан қысымы, жүрек қан тамыры ауруларымен ауыратын науқастарға жиі шақыртулар бар.

———————————————

#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал