Солтүстік Қазақстан облысында тоз-тозы шыққан жолдың салдарынан 34 жастағы жүкті әйел қайтыс болды. Қайғылы оқиға Жамбыл ауданында тіркелді. Жедел жәрдем бригадасы науқасты уақытында ауруханаға жеткізе алмаған. Марқұмның туған-туыстарының айтуынша, 37 шақырымдық жолды медицина көлігі 1,5 сағатта жүріп өткен.
Сағдеевтар отбасы қайғыдан қара жамылып отыр. Шамамен екі апта бұрын 34 жастағы Дәрима Сағдеева өзін жайсыз сезінген. Марқұмды аудан орталығына жеткізбек болған жедел жәрдем бригадасы 37 шақырымдық жолды 1,5 сағат дегенде әрең жүріп өткен. Осы аралықта оның екі мәрте жүрегі тоқтаған. Ауруханаға тым кеш келген келіншекті ажалдан арашалау мүмкін болмады.
АЗАМАТ САҒДЕЕВ, МАРҚҰМНЫҢ КҮЙЕУІ:
— Жүргізушіден себебін сұрадым. Ол: «Тез жүре алмаймыз, қатты батып, айғайлайды», — дейді. Жол түзу болғанда, 15 минуттың өзі бір нәрсені шешер еді. Дәрігерлердің айтуы бойынша, жатыры жарылған, сосын ішке қан кеткен. Екі балам бар. Олар естіген жоқ. Айта алмай жатырмыз әлі. «Мама қайда?», — деп күнде сұрайды.
Туыстарының айтуынша келіншек көп қан жоғалтқан. Осылайша дәрігерлер марқұмға бірден операция жасамақ болған. Алайда ол кезде бәрі кеш еді. Жүкті әйел медициналық мекемеге жеткізілген кезде жан тапсырған. Қазір аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тексеріс басталды.
ҚАЙРАТ САҒДИЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ҚАЙЫН АТАСЫ:
— Жолдың нашарлығынан уақыт өткізіп алды. Екі жан кетті. Өте ауыр жағдай. Ойламаған жерден осындай жағдайға тап болдық. Жолдан ба әлде дәрігерлердің қателігінен болды ма, ол жағын басып айта алмаймын.
Пресновка – Қайранкөл бағытындағы жолдың жалпы ұзындығы 98 шақырымды құрайды. Жол деген аты ғана. Сапасы сын көтермейді. Талай жыл күтім көрмеген соң асфальт опырылып, шұрық-тесік болып қалған. Жергілікті халық аталған сұрақты талай мәрте көтеріп жүр. Алайда нәтиже жоқ.
БІРЛІК МҰХАМЕДЖАНОВ, ЖҮРГІЗУШІ:
— Ютубта, әлеуметтік желілерде біздің жолдың видеосы жүр. Ешкім көңіл аудармайды. Әкімге де керегі жоқ. Жол апаты да осы жерде болады.
Осы жағдайдан кейін ғана жергілікті билік өкілдері аталған сұрақты бақылауға алды.
НҰРЛАН КЕҢЕСОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бұл учаске бойынша облыс әкімі бірінші кезекте қаржыландыру туралы тапсырма берді. Жұмысты үш кезеңмен жүргіземіз. Алғашында Қайранкөл ауылынан Украинский елді мекеніне дейін жөнделеді. Екінші кезеңде Благовещенкаға дейінгі аралық қамтылады. Соңында Пресновкаға дейін жол салынады. Бүгінде бірінші кезең бойынша жобалық-сметалық құжат дайын. Сараптама бар. Жақында мердігер анықталып, жұмыс басталады.
Осылайша талай жыл тарқатылмаған сұрақ екі жылда шешілмек. Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы бойынша елімізде екінші орында. Өңірде 8 мың шақырымнан асатын жол бар.
———————————————
#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.