«Семей орманы» аумағындағы орман өрті толық сөнген жоқ

Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында болған ірі орман өрті толық сөнген жоқ. Ашық жалын жойылғанымен, өрт ошағындағы бықсыған аумақтарды толық сөндіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, мамандар тәулік бойы кезекшілік атқарып, өрттің қайта тұтануына жол бермеуге күш салып жатыр.
Өртті ауыздықтауға Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облысының, сондай-ақ Астана қаласының төтенше жағдайлар қызметтері жұмылдырылды. Оларға әскери бөлімдердің жеке құрамы да қосылды. Жалпы саны 800-ге жуық адам кешеден бері тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Өрттің жақын маңдағы елді мекендерге таралу қаупі жоқ. Тілсіз жау шамамен 370 гектар аумақты шарпыған.

МҰХИТ РАМАЗАНОВ, ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Өртті сөндіруге 176 техника, 7 тікұшақ жұмылдырылды. Өрт басталғалы бері құтқарушылар тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр.

Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігімен қатар Ішкі істер министрлігі, Абай облысының әкімдігі және Қорғаныс министрлігінің авиациясы тартылды. Әуе қорғанысы күштерінің экипаждары өрт ошақтарына 219 мәрте ұшып, жалпы көлемі 474 тонна су төкті. Әуеден жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өрттің таралуы тежеліп, жердегі бөлімшелерге жалынды оқшаулауға мүмкіндік берілді.

Министрліктің мәліметінше, өрт ошағындағы жағдай тұрақты бақылауда. Мамандардың болжамынша, бықсыған ошақтарды толық сөндіруге тағы бірнеше күн қажет болуы мүмкін. Өрттің шығу себебі әзірге анықталған жоқ. Жұмысқа аптап ыстық пен екпінді жел кедергі келтіріп отыр. Соған қарамастан құтқарушылар мен орман қызметкерлері түтіндеп жатқан жерлерді толық сөндіріп, өрттің қайта тұтануына жол бермеуге жанталасып жатыр.

———————————————

#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал