Шыбын қаптаған ет: Астанада жасырын ет цехі әшкереленді

Етті қайдан сатып аласыз? Бағасына қарап таңдайсыз ба әлде сапасына мән бересіз бе? Астанада анықталған астыртын ет цехынан кейін бұл сұрақ көпшілікті алаңдатары анық. 3 тонна ет жойылды. Ал жауапсыз кәсіпкерлердің кесірінен адал жұмыс істейтін ет өндірушілер мен қоғамдық тамақтану орындарына да күмән көбейді.

Бұл бейнежазба Астанада анықталған астыртын ет өңдеу цехында түсірілген. Жеке тұрғын үйлердің бірінде жасырын ұйымдастырылып, ешқандай рұқсат құжатынсыз жұмыс істеген. Ет өнімдері санитариялық талаптар өрескел бұзылған жағдайда өндіріліп, сақталған. Полицейлердің мәліметінше, кейін олар қаладағы кейбір дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарына жеткізіліп отырған. Тексеру кезінде сапасы күмән тудыратын үш тоннадан астам ет өнімі тәркіленді. Кінәлілер жауапқа тартылды.

ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:
«Температуралық режим сақталмаған, ет өнімдері антисанитариялық жағдайда сақталған. Өнімнің бір бөлігінде бүлінудің айқын белгілері анықталды. Өткір жағымсыз иіс шыққан, шыбындар қаптаған және тағам ретінде пайдалануға жарамсыз екенін көрсететін өзге де белгілер болған».

Мұндай бұзылған өнім кез келген уақытта тұтынушылардың дастарқанына да түсуі мүмкін. Алайда қоғамдық тамақтандыру саласының өкілдері барлық мейрамхана, дәмхана мен сауда орнын бірдей айыптауға болмайтынын айтады. Себебі адал кәсіпкерлер етті тек ветеринариялық анықтамасы мен сапа сертификаты бар ресми жеткізушілерден сатып алады.

ВЕРОНИКА ДАУҒАЛИЕВА, ҚОҒАМДЫҚ ТАМАҚТАНДЫРУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Сапалы әрі сертификатталған құжаты бар еттің бір келісі шамамен 4 мың теңгеден жоғары тұрады. Сондықтан өте арзан бағаға сатылатын өнімнің сапасына күмәнмен қараған дұрыс. Өзінің беделін ойлайтын адал кәсіпкерлер қымбатырақ болса да, сапасы тексерілген, сертификатталған етті сатып алғанды жөн көреді. Бұл, ең алдымен, тұтынушының қауіпсіздігі үшін қажет.
Айта кетейік, мұндай заңсыз цехтардың жолын кесу үшін елімізде өнім айналымын бақылаудың жаңа жүйесі енгізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, енді ветеринариялық бақылау күшейтіліп, сауда-саттықты SMS арқылы растау және вакцинацияны қадағалау тетіктері іске қосылды. Сондай-ақ пилоттық режимде еттің қай шаруашылықтан шыққанынан бастап, дүкен сөресіне жеткенге дейінгі бүкіл жолын бақылауға мүмкіндік беретін толық есепке алу жүйесі енгізілуде. Бұл күмәнді өнімнің нарыққа шығуына тосқауыл қоюға бағытталған.

———————————————

#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал