Қ. Тоқаев «Қазақстан – Қытай цифрлық көпірін» іске қосуды ұсынды

Болашақтың байлығы мұнайда емес, мәлімет пен алгоритмде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жасанды интеллект әлемдік экономиканың жаңа тірегіне айналып келеді. Сондықтан Қазақстан бұл технологияны тек пайдаланушы емес, оны дамытуға үлес қосатын елдердің қатарында болуды көздейді. Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияда Мемлекет басшысы бұл технологияның болашағы ғана емес, оны басқарудың халықаралық тәртібі де қазір қалыптасып жатқанын айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бірде-бір ел жасанды интеллектіні тұтынумен шектелмеуге тиіс. Адами капиталы мен цифрлық инфрақұрылымын дамытып, институционалдық әлеуетін көтеруге кез келген мемлекеттің мүмкіндігі болуы керек. Жасанды интеллектіні экономика мен қоғам игілігіне пайдалану, сөйте тұра оны адамның саналы әрі қабілетті басқаруында қалдыру – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан Қазақстан Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының құрылуын тарихи шешім деп санайды.

Президенттің айтуынша, әлемде жасанды интеллект инфрақұрылымына салынатын инвестиция жыл сайын 47 пайызға өсіп келеді. Ал 2033 жылға қарай жаһандық нарық көлемі 5 триллион долларға жетпек. Сондықтан Қазақстан цифрлық трансформацияны жеделдетіп, жасанды интеллектіні дамытуға арналған заң қабылдап, Smart City жобасын іске қосты. Бұған қоса, Алатау Орталық Азиядағы алғашқы толық интеграцияланған цифрлық қалаға айналмақ. Сондай-ақ Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты күшейтуді ұсынып, Астанада Жасанды интеллект жөніндегі жаңа ұйымның алғашқы отырысын өткізуді және Қытаймен бірге «Қазақстан – Қытай цифрлық көпірі» жобасын бастауды ұсынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Біз «Қазақстан – Қытай цифрлық көпірін» іске қосуды ұсынамыз. Басты мақсат – цифрлық сауданы жандандыру және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында цифрлық экономикаларды ықпалдастырудың тиімді үлгісін қалыптастыру. Сонымен қатар жасанды интеллектіні теріс мақсатқа пайдаланудың алдын алатын, соның ішінде кибершабуыл, дипфейк және цифрлық алаяқтықтан қорғайтын пәрменді шаралар әзірлеуіміз керек. Келесі жылды екі елде Жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалар жылы деп жариялауды ұсынамыз.

———————————————

#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал