Аман қалсаң – демалыс, батып кетсең кінәлі өзің. Жеке демалыс орындарында қауіпсіздікке кепіл жоқ. Астанадағы бассейнде суға кетіп, комаға түскен 24 жастағы жігіттің оқиғасы осы мәселені әшкереледі.
Бұл кадрлар Астана қаласындағы демалыс кешенінің бірінде түсірілген. Дәл осы бассейнде 24 жастағы жігіт есінен танып, суға батып кеткен. Демалушылар дереу әрекет етпесе, арты не болары белгісіз. Себебі оқыс оқиға кезінде жақын маңда құтқарушы да, медицина қызметкері де, тіпті алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишасы да болмаған. Жедел жәрдемді де демалушылардың өздері шақырған. Қазір жас жігіт жансақтау бөлімінде жатыр. Анасы кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр.
АЙКҮМІС ЕЛЕУСІЗОВА, ЗАРДАП ШЕККЕН ЖІГІТТІҢ АНАСЫ:
— Ешқандай құтқарушы, медбике жоқ. 306-баппен қылмыстық іс қозғалды. Мен мұндай жағдай қайталанбас үшін соңына дейін барамын. Адамның өміріне неге бей-жай қарайды?
Қайғылы оқиға болған демалыс базасы қазір жұмыс істеп тұр. Бірақ әкімшілікпен телефон арқылы байланысқа шыға алмадық.
Кейінірек демалыс кешенінің әкімшілігі мессенджер арқылы байланысқа шығып, сауалымызға жауап берді. Олардың айтуынша, ер адам бассейнге басымен секірген. Ал мұндай әрекетке қатаң тыйым салынған. Ескерту ретінде арнайы тақтайша мен ақпараттық стенд те орналастырылған көрінеді.
ДЕМАЛЫС КЕШЕНІНІҢ ӘКІМШІЛІГІ:
«Оқиға болған сәтте екі арнайы дайындықтан өткен құтқарушы кезекшілікте болды. Медициналық қызметкерлер келгенге дейін алғашқы медициналық көмек кешеннің құтқарушысы тарапынан көрсетілді. Мұның барлығы бейнебақылау камераларының жазбаларымен расталады. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр».
Бұл демалыс орындарында тіркелген жалғыз жағдай емес. Бір ай бұрын Астана тұрғыны ат клубтарының бірінде тұлпардан құлап, иығын сындырған еді. Қыздың айтуынша, бұған ер-тұрманның дұрыс бекітілмеуі және қызметкерлердің бақылауының жеткіліксіздігі себеп болған.
Құқық қорғаушылардың пікірінше, мұндай оқиғалардың алдын алуға болады. Ол үшін демалушылар қауіпсіздік талаптары сақталатын, білікті нұсқаушылар жұмыс істейтін және алғашқы медициналық көмек жедел көрсетілетін орынды таңдауы қажет. Ал заңгерлердің айтуынша, ол үшін заңды өзгертудің қажеті жоқ. Мұндай ұйымдардың жұмысын реттейтін заңға тәуелді нормативтік актілерді қайта қарау жеткілікті.
ИЛЬЯ ЛУНЁВ, АДВОКАТ:
— Мемлекет мұндай ұйымдардың қалай жұмыс істеуі керектігін нақты реттейтін қосымша нұсқаулықтарды енгізуі тиіс. Жекеменшік ұйымдар мұндай талаптарды өз жарғыларына енгізе алады. Бірақ жарғының орындалуы – ұйымның ішкі мәселесі. Ал егер ГОСТ тәрізді міндетті нұсқаулықтар болса, оларды орындамауға болмайды. Құрылыс нысандары нормалар мен ережелерге сәйкес келмесе пайдалануға берілмейтіні сияқты, демалыс орындарына да міндетті талаптар белгіленуі қажет.
Демалыс базалары мен ойын-сауық кешендерінің иелері қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсеткені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын естен шығармауы тиіс. Бұл Қылмыстық кодекстің 306-бабында көрсетілген. Егер талаптың бұзылуы абайсызда адамның денсаулығына зиян келтірсе, кінәлілерге айыппұл, қоғамдық жұмыстар немесе қамауға алу жазасы тағайындалуы мүмкін. Ал бірнеше адам зардап шексе, жаза бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Егер салғырттық салдарынан адам қаза тапса, кінәлілер төрт жылдан сегіз жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.
———————————————
#Новости #Новости2026 #Новостиседьмойканал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.