«Атырау – Ақтөбе» бағытындағы пойызда жолаушы көз жұмды

Ақтөбе облысында «Атырау – Ақтөбе» бағытындағы жолаушылар пойызында 44 жастағы жолаушы көз жұмды. Қандыағаш – Ақтөбе аралығында ер адамның жағдайы күрт нашарлап, тынысы тарылып, ауа жетпей қалған. Кейін дәрігерлер ер адамның екі жақты өкпе қабынуымен ауырғанын анықтады. Өкінішке қарай, ол пойыз вагонында жан тапсырған. Кейін белгілі болғандай, жолаушыны жолсерік пойызға билетсіз мінгізген. Бұл жайтқа байланысты Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімі тергеу жүргізіп жатыр. Қызметтік тексеріс қорытындысы бойынша пойыз бастығы мен екі жолсерік жұмыстан шығарылды. Сондай-ақ Ақтөбе учаскесінің басшысы мен өндірістік оқыту жөніндегі нұсқаушыға қатаң сөгіс жарияланды. Ал «ҚТЖ – Жолаушылар тасымалы» компаниясы «Батыс» филиалының басшылық құрамына да қатаң тәртіптік шаралар қолданылатыны, қажет болған жағдайда еңбек шарттары бұзылатыны туралы да хабарланды. Ведомствоның мәліметінше, оқиға кезінде пойыздағы барлық сервистік жүйелер, оның ішінде салқындатқыш де қалыпты жұмыс істеген. Ал қайғылы оқиға болған вагон 2023 жылы пайдалануға берілген.

НҰРБЕК АХМЕТОВ, АҚТӨБЕ СТАНЦИЯСЫ КӨЛІКТЕГІ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— «Атырау – Ақтөбе» бағытындағы жолаушылар пойызында жолаушының кенеттен қайтыс болу фактісі бойынша Ақтөбе станциясындағы көліктегі полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Алдын ала диагноз – екі жақты пневмония. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал