АҚШ тоғызыншы түн қатарынан Иран аумағына әуеден соққы жасап жатыр. Үндістанның Кашмир өңірінде нөсер жауын соңы тасқынға ұласып, 25 адам қайтыс болды. Ал ми қайнатар ыстықта Еуропаның 9 елінде мыңдаған адам көз жұмды.
Батыс ақпарат құралдарының мәліметінше, бұған дейін Иранның шабуылы салдарынан екі америкалық әскери қаза тауып, тағы біреуі хабарсыз кеткен. Бұл да АҚШ–тың жаңа шабуылдарына себепкер болған. Ал Ормуз бұғазы қақтығыстың негізгі нүктелерінің біріне айналды. Қауіпсіздік жағдайының нашарлауына байланысты бірқатар мұнай танкерлері бағыттарын өзгертіп, кеме қатынасы сақтық режиміне көшті.
Үндістанның Кашмир өңірінде нөсер жауын соңы алапат тасқын мен лай көшкініне ұласты. Табиғи апаттан 30-ға жуық адам мерт болды деген дерек бар. Жергілікті биліктің мәліметінше, толассыз жауған жаңбырдан кейін ойпатты аумақтарды су басып, жүздеген тұрғын қауіпсіз жерлерге көшірілді. Өзен арналарынан асып, ондаған көлікті су ағызып әкетті. Құтқарушылар жоғалған адамдарды іздестіру және оқшауланып қалған тұрғындарды қауіпсіз аймақтарға эвакуациялау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Синоптиктердің болжамынша, өңірде нөсер жауын тағы бірнеше күнге созылады.
Ал аптап ыстық Еуропаның апшысын қуырып тұр. Ұлттық статистика дерегінше, 22-28 маусым аралығында тоғыз елде 12 мың адам аптаптың құрбаны болған. Күн әсіресе Бельгия, Франция, Германия, Люксембург, Нидерланд, Испания және Швейцарияда шыжып кеткен. Күн өтіп, діңкесі құрығандардың дені – 65 жастан асқандар. Аңқасы кеуіп, ауруы асқынғандарға дәрігерлер медициналық көмек көрсетіп үлгермей жатыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.