СҚО-да артық жүк артқан жүргізушілер айыппұлдан қашпақ болды

Солтүстік Қазақстан облысында айыппұлдан жалтармақ болған 32 жүргізуші көлігін жол жиегіне тастап, қашып кетті. Олар шамадан тыс жүк артып алғандықтан, салмақ өлшеу рәсімінен өтпеу үшін осындай айлаға барған. Салдарынан республикалық маңызы бар Астана – Петропавл трассасының бойында ұзын коллона қалыптасып, қозғалысқа ішінара кедергі келді. Бұдан бөлек, ауыр техникалар аптап ыстықта жол жабындысын бүлдіріп тастағаны анықталды. Әкімдік өкілдері, тәртіп сақшылары және көліктік бақылау инспекциясының мамандары 3 күннен астам уақыт аталған учаскеде кезекшілік ұйымдастырып, иелерін тапты. Жауаптылардың айтуынша, автомобиль жолдарының бәрінде талап ортақ. Әсіресе күн ыстықта салмақ 8 тоннадан аспауы керек.
ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, ЖКАЖ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Жыл сайын шамамен мың шақырым жол жөнделеді. Ауыр жүк көліктері әсіресе аптап ыстықта асфальт-бетон жабындысын бұзады. Мына учаске жуырда ғана орташа жөндеуден өтті. Соған қарамастан техникалар жол жиегін бүлдіріп тастаған. Осыған байланысты тиісті өлшеу жұмыстары жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолына келтірілген материалдық шығынды өндіру туралы сотқа талап-арыз жолданады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал