Астанада қоғамдық орында кальян шеккендер айыппұл арқалады

Қоғамдық орындарда кальян шегуге заңмен тыйым салынғанына қарамастан, Астананың көңіл көтеру нысандарында қорқор тартып демалуды жаны сүйетіндер азаймай отыр. Заңды белшеден басқандарды полиция рейд кезінде анықтап, айыппұл арқалатты.
Жұманың кеші. Нұра аудандық полиция қызметкерлері түнгі рейдке дайындалып жатыр. Тәртіп сақшылары тапсырма алған соң, үш топқа бөлінді. Бір топ кәмелетке толмағандардың бейуақытта көшеде жүрмеуін қадағалайды. Екінші топ сағат 21:00-ден кейін 21 жасқа толмағандарға алкоголь өнімдерінің сатылмауын бақылайды. Үшінші топтың міндеті – көңіл көтеру орындарында кальян шегетіндерді анықтау. Біз соңғысына ілестік.

Рейдке әкімдік пен прокуратура өкілдері де қосылды. Полицияның іздегені алдынан шықты. Жаздың кешінде лаундж-барда қорқор шегіп отырған жандар бар екен. Тек осы нысанның өзінде 14 кальян табылды.

АЗАМАТ ӘЖІБАЕВ, НҰРА АУДАНДЫҚ ПБ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Өздеріңіз көріп отырғаныңыздай, қоғамдық орында кальян шегіп отыр. Қазір Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 441-бап талаптарына сәйкес, жауапкершілікке тартылады. Айыппұл салынады. Сонымен қатар осы қоғамдық орынның әкімшілігі де жауапкершілікке тартылады.
Көңіл көтеру орнына келгендерге кальян ұсынған қызметкердің үстінен әкімшілік хаттама толтырылды. Тәртіп сақшылары қорқор шеккендерге де сол жерде айыппұл салды.
Осыдан кейін екінші нысанға бардық. Мұнда екі үстелдің үстінде кальян тұрғанын байқадық. Полиция қорқор шегушілердің құжатын алып, айыппұл жаза бастады.
Қоғамдық орында кальян шегуге біздің елде 2013 жылдан бері заңмен тыйым салынған. Алайда рейд көрсеткендей бұл талапты елемейтіндер әлі де бар. Мұндай рейдтер Астананың барлық алты ауданында үнемі жүргізіледі.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал