Қайтарылған активтер есебінен Балқаштағы аурухана жаңартылды

Балқаш қаласындағы көпбейінді аурухана адам танымастай өзгерді. Ғимаратқа мемлекетке қайтарылған активтер есебінен ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Мұнда екі жаңа операциялық бөлім ашылып, заманауи медициналық жабдық сатып алынды. Негізгі ғимаратқа қосымша корпус салынып, қабылдау бөлімінің аумағы кеңейтілді.
Бұл ауруханаға күн сайын Балқаш тұрғындарымен қатар Приозерск қаласы, Саяқ кенті, Шет және Ақтоғай аудандарының азаматтары да ем іздеп келеді. Стационар 340 орынға арналған және онда медицинаның барлық негізгі бағыты бойынша бөлімшелер жұмыс істейді. Соңғы екі жылда негізгі ғимаратқа шамамен бір жарым мың шаршы метрлік қосымша корпус салынды. Онда қазіргі талаптарға сай жаңа қабылдау бөлімі ашылды.

СЕРІКБОЛ ТҮСІПБЕКОВ, БАЛҚАШ КӨПБЕЙІМДІ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Ауыл медицинасын жандандыру жобасы негізінде бізде қабылдау бөлімі және екі операциялық бөлме ашылды. Бірінші, шұғыл операция жасау, екіншісі, жүрек қан тамырлары аурулары кезінде операциялар жасау бөлімшесі ашылды. Қазіргі уақытта барлық жөндеу жұмысы бітті.

Аурухананы жаңғырту жұмыстары мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асты. Енді жергілікті тұрғындарға сырқаттың алғашқы белгілері байқалғанда, Балқаштан шамамен 400 шақырым жердегі облыс орталығы Қарағандыға барудың қажеті болмайды.

ДӘУЛЕТ САТТЫБАЕВ, БАЛҚАШ ҚАЛАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:
— Жоба прокуратура органдары мемлекетке қайтарған заңсыз алынған активтерден құрылған Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Мемлекетке қайтарылған активтер маңызды міндеттерді шешуге және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталып жатыр.

Ендігі басты мәселелердің бірі – білікті мамандарды тарту. Қазір ауруханада 900-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде шамамен 150 дәрігер бар. Биыл ұжымға бір травматолог, сәулелік диагностика бойынша екі маман және екі кардиолог қосылды. Ал резидентураны аяқтағаннан кейін уролог, хирург және бірнеше терапевттің келуі жоспарланып отыр. Аурухана басшылығы заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген қолайлы еңбек жағдайы жас мамандарды тартуға үлкен мүмкіндік береді деп сенеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал