Қарағанды облысында еліміздегі алғашқы полиция-робот қызметке кірісті. Ит кейпіндегі құлтемір жасанды интеллект арқылы басқарылады. Ол Балқаш пен Теміртауда өткен бұқаралық іс-шараларда алғаш рет қоғамдық тәртіпті бақылауға қатысты. Бұл қалаларда Металлургтер күні өтіп, орталық алаңдарға шамамен 120 мың адам жиналды. Сақшы ит бірнеше құқықбұзушыны анықтады. Олардың қатарында алимент төлеуден жалтарған азамат, мемлекет алдындағы берешегі бар екі адам және пробациялық бақылауда жүргеніне қарамастан, концертке келген ер адам бар. Бұдан бөлек, робот көпшілік арасында адасып кеткен 87 баланы тауып, ата-анасымен қауыштырды.
ТИМУР ҚАШКЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Роботтың негізгі міндеттері – адамдардың жүзін тану, іздеуде жүрген тұлғаларды анықтау, патрульдеу және бейнежазбаны нақты уақыт режимінде жедел әрекет ету орталығына жіберу. Сондай-ақ, қауіп-қатерді бақылап, анықтау және арнайы операцияларға қатысу мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта роботтың қызмет аясын кеңейтіп, оны полиция жұмысының басқа бағыттарында да пайдалану жоспарланып отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.