Нұрай Серікбайдың ісі бойынша сот отырысы күдіктінің денсаулығына байланысты кейінге шегерілді

Нұрай Серікбайдың ісі бойынша сот отырысы бастала сала, кейінге қалды. Алдын ала тыңдау кезінде айыпталушының адвокаты Шерхан Аймаханның денсаулық жағдайына байланысты медициналық анықтама ұсынды. Сондықтан судья сот отырысын кейінге қалдырды. Дегенмен сот залында екі тарап та бірнеше өтінішхатты судьяға жеткізді.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Алғашқы отырыс күдіктінің тұмауратып, дене қызуы көтерілген соң, сотқа келмеуіне байланысты бар-жоғы 15 минутқа созылды. Шерхан Аймаханның сотқа қатыса алмайтынын адвокаты мәлімдеді. Оның денсаулығына байланысты анықтаманы тергеу изоляторы берген.

Алғашқы процесте қос тарап та өз ұстанымдарын айтып үлгерді. Мәселен, сотталушы тарап қылмыстық істі алқабилердің қатысуынсыз қарауды сұрады. Ал жәбірленушілер сот процесін барынша ашық өткізуді және тікелей эфирде көрсетуді талап етті. Алайда айыпталушы тарап бұған қарсы екенін айтып, сот процесіне журналистерді қатыстырмауды сұрады.

АЯНХАН ОМАРОВ, АДВОКАТ:
— «Алып қашу, сталкинг, некеге тұруға мәжбүрлеу» қылмыстары 2025 жылы 16 қыркүйекте ғана күшіне еніп, қолданысқа енгізіле бастады. Екеуі де – жаңа баптар. Тікелей эфирде өткізілуін сұраудағы мақсатымыз – халық мұндай жағдайға тап болған кезде өз құқығын қалай қорғау керегін, сот отырысын білсе екен деген ой. Әрине, Нұрай қызымыз өмірден өтті, оны ешкім қайтара алмайды.

Нұрайдың жақындары қылмыстық іс материалдарымен толық танысып шыққанын және енді сот талқылауы басталуын күтіп отырғанын жеткізді. Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай іс бойынша куәгер ретінде өтіп жатыр. Ол сот оның өзін жәбірленуші тараптың өкілі ретінде тану туралы өтінішін қанағаттандырады деп үміттенеді.

СҰЛТАН СЕРІКБАЙ, МАРҚҰМНЫҢ АҒАСЫ:
— Сот процесінде толық айтып өтеміз. Сіздер толық ақпаратты естіген кезде таңғаласыздар. Неше түрлі жантүршігерлік зат көп. Экспертиза зерттеулері, куәгерлердің сөйлегендері болсын, видеожазбаларды да толық көріп шықтық, бір сілкініп алдық, қайғырып үлгермей жатырмыз. Әділ шешім күтеміз, соттың дұрыс шешім қабылдайтынына сенеміз.

ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Сот тергеуі 23 шілдеге белгіленді. Онда прокурор айыптау актісін оқиды. Сондай-ақ соттың онлайн көрсетілуі және алқабилердің қатысуы анықталады.

Еске салайық, жантүршігерлік қылмыс 11 қаңтар күні болған еді. 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы кешкі уақытта үйінің маңында пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен. Күдікті Шерхан Аймахан арада екі күн өткенде ұсталған. Ол қазір тергеу изоляторында.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал