Шілдедегі шіліңгір ыстық тас жолды да ерітіп жіберді. Қазақстанда шыжыған аптаптың салдарынан Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарындағы автожолдардың цемент-бетон жабындысы деформацияға ұшырады. Тақтайдай тас жолдардың асфальты көлік дөңгелектеріне сағызша жабысып, жүргізушілердің мазасын алғаны былай тұрсын, қауіп төндірген. Мамандар тексеру барысында осындай зақымданған алты жол учаскесін анықтады.
Аңқаны кептірген аптап ыстық тас жолдардың асфальтын бүлдірген. Тіпті бетон плиталардың арасы ажырап, жолдағыларға қауіп төндірген. Автобандағы мұндай жағдай алғашқы ыстықта-ақ маусым айында Павлодар облысында тіркелді. Тіпті жолдың бүлінуінен бірнеше көлік зақымданған. Әйтеуір жолға жауапты мекемелер жедел жөндеу бригадаларын жасақтап, қауіпті жерлерді қалыпқа келтірді.
СЕРЖАН ҚЫЗЫЛБАЕВ, ЖӨНДЕУ БРИГАДАСЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ:
— Павлодар – Астана автожолының 1355-шақырымында ауа температурасының күрт көтерілуіне байланысты бетон жабыны көтеріліп кетті. Қазіргі уақытта ақау толық қалпына келтірілді. Автокөліктердің қозғалысына ешқандай кедергі жоқ.
Республикалық маңызы бар «Шымкент – Өзбекстан шекарасы» автожолының 712-шақырымында да ақау анықталған. Жауапты мамандар жарылған учаскені жедел қалпына келтірді. Жолдың бүлінуіне күннің 40 градусқа дейін ысуы әсер еткен. Мамандардың айтуынша, аптап апшыны қуырғанда кезінде бетон плиталары кеңейіп, жолға түсетін салмақтың артуынан жабында жарықтар пайда болуы мүмкін. Шілденің шыжыған ыстығы көтерілген кезде республиканың бірнеше өңірінде осындай жағдай болды.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, қазір еліміз бойынша 1 600 шақырымнан астам цемент-бетон жол тұрақты бақылауда. Мамандар аптап ыстық кезінде бетон жабынының температурасы 60-70 градусқа дейін қызуы мүмкін. Соның салдарынан бетон плиталарының ішінде кернеу пайда болып, жол жабыны деформацияланатынын айтады. Қазіргі уақытта барлық ақау толық жөнделіп, көлік қозғалысы ешқандай шектеусіз жалғасып жатыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.