Елімізде Li Auto, OMODA және JAECOO автокөліктері шығарыла бастайды

Елімізде жаңа маркалы көлік шығарылады. Машина жасау зауыттарына жасанды интеллектке негізделген заманауи технологиялар енгізіліп, өндіріс үдерісі цифрландырылмақ. Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі осылай деп мәлімдеді. Жауапты ведомство өкілдері халыққа автокөлік алуды қолжетімді ету үшін автонесиелеу мен лизинг тетіктерін де жетілдіретінін жеткізді.
Алдағы екі жылда Қазақстанда жеңіл және коммерциялық автокөлік өндірісін кеңейтуге бағытталған бірқатар ілкімді жоба іске асады. Елде Li Auto, OMODA және JAECOO маркалы автокөліктер мен SITRAK маркалы жүргізушісіз жүк тартқыштарын өндіру жоспарланған. Сондай-ақ BYD компаниясымен бірлесіп, электр көліктеріне арналған жоғары жылдамдықты қуаттау станцияларының желісін дамыту көзделіп отыр.

ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:
— Биылғы жылдың 4 тоқсанынан бастап Hyundai Trans Auto кәсіпорнында жылына 500 volvo жүк көлігін шығару жоспарланып жатыр. Сондай-ақ басқа кәсіпорынмен электр жүк көліктерінің жобасын жүзеге асыруда.
Жалпы алдағы жылдары электр және гибридті көліктер өндірісін ұлғайтып, оларға қажет инфрақұрылымды дамыту жоспарланған. Сондай-ақ пилотсыз көліктерді өндіру, автокомпоненттердің жергілікті өндірісін кеңейту және отандық кәсіпорындарды әлемдегі жетекші көлік өндірушілерінің өндірістік тізбегіне қосу көзделіп отыр. Машина жасау саласында маман тапшылығы мәселесін шешу де жолға қойлыған.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Соңғы 5 жылда ЖОО машина жасау бойынша 1700 жуық маман даярласа, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын 32 мыңнан астам түлек тәмамдады.
Былтыр Қостанайдағы KIA Qazaqstan және Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыттары іске қосылды. Бұл жобаларға салынған инвестиция көлемі 346 миллиард теңгеден асты. Үкімет халық үшін автокөлікті қолжетімді етуді де мақсат еткен. Ол үшін автонесиелеу мен лизинг тетіктерін жетілдіру, қарыз жүктемесі коэффициентіне қатысты талаптарды қайта қарау және жеке тұлғаларға арналған лизингті дамыту жоспарланған.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал