Қазақстанда риэлторларды сертификаттау жүйесі іске қосылды

Риэлтормын деп жұртқа қызмет ұсынатын кез келген адам енді бұл кәсіпте қала алмауы мүмкін. Өйткені кәсіби білімі мен біліктілігін дәлелдеуге тиіс. Елімізде алғаш рет риэлторларды сертификаттау жүйесі іске қосылды. Сарапшылардың айтуынша, бұл алаяқтарды азайтып, баспана нарығына тәртіп енгізуге мүмкіндік береді. Сертификаттау қалай жүргізіледі?
Біздің елде өзін риэлтормын деп қазір кез келген адам айта алады. Ол үшін арнайы диплом да, лицензия да, міндетті емтихан да талап етілмейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін PANA Ұлттық риэлторлар палатасы кәсіби онлайн сертификаттау жүйесін іске қосты. Емтихан мемлекеттік қызметке қабылдауда қолданылатын прокторинг жүйесімен өтеді. «Яғни басқа адамның орнына тест тапсыруға немесе нәтижені қолдан жасауға, сертификатты сатып алуға мүмкіндік болмайды», — дейді жүйе авторы. Кешелі бері бір адам емтихан тапсырып, сертификат алған.

ӘСЕТ АЙТБАЕВ, PANA ҰЛТТЫҚ РИЭЛТОРЛАР ПАЛАТАСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
— Сертификат маманның кәсіби дайындығын растап, клиенттің сенімін арттырады. Бұл – риелтордың кездейсоқ адам емес, өз білімі мен біліктілігін дәлелдеген кәсіби маман екенін көрсететін нақты белгі. Сондықтан сертификаттау жүйесінің басты мақсаты – нарықта риелторларға сенім институтын қалыптастыру.

Тесттен өту ақылы, бағасы – 80 мың теңге. Үміткерлер 60 сұрақтан тұратын тест тапсырады. Онда азаматтық құқық, салық заңнамасы, сатып алу-сату шарттары, құжат рәсімдеу, кәсіби этика мен клиентпен жұмыс істеу тәртібі қамтылған. Сынақтан өткен маманға бір жылға жарамды сертификат беріледі. Әр құжаттың жеке QR-коды болады. Сондықтан клиент риэлтордың біліктілігін бірден тексере алады. Бұдан бөлек, сертификатталған мамандардың бірыңғай электронды тізімі жасалады. Үйді сатқан кезде риэлтор жалдаймын десеңіз, осы тізімнен аты-жөнін тексеріп алуға болады.

ҚУАНБЕК ҚАЛМАҚЫШ, ИПОТЕКАЛЫҚ БРОКЕР:
— Қазір риэлторларды арнайы еш жерде оқытпайды, бұл іспен кез келген адам айналыса алады. Ал емтихан мен сертификаттау кәсіби мамандарды іріктеп, кездейсоқ адамдардың нарықтан кетуіне ықпал етеді. Бұл, ең алдымен, клиенттердің мүддесін қорғайды деп ойлаймын.

Сарапшының айтуынша, әлемнің көптеген елінде риэлторлық қызмет лицензияланады немесе міндетті кәсіби талаптарға бағынады. Ал Қазақстанда мұндай мамандық әзірге ресми кәсіптердің тізіміне де енбеген. Соның салдарынан бұл салаға тәжірибесі жоқ адамдар да еркін келе береді. Ұлттық риэлторлар палатасының есебі бойынша, бүгінде Қазақстанда 25 мыңға жуық риэлтор бар.
Бұл сертификат әзірге міндетті емес. Алайда Ұлттық риэлторлар палатасы әзірлеген «Риэлторлық қызмет туралы» заң жобасы Үкіметтің оң қорытындысын алып, жаңа Парламент – Құрылтайдың қарауына енгізілуге дайындалып жатыр. Егер құжат қабылданса, риэлторларға қойылатын бірыңғай кәсіби талаптар алғаш рет заңмен бекітіліп, тұрғын үй нарығында жауапкершілік кезеңі басталуы мүмкін.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал