Енді жол ережесін өрескел бұзғандар қайтадан емтихан тапсырады

Көлік жүргізушілеріне жауапкершілік күшейеді. Алда-жалда жол ережесін бұза қалған жағдайда міндетті түрде қайтадан емтихан тапсыруға барады. Әсіресе егде жастағы азаматтар үшін талап қатал. Олар екі жыл сайын медициналық тексеруден өтуі тиіс. Қазақстанда «Жол жүрісі туралы» Заңына енгізілген осы және басқа да өзгерістер алдағы тамыз айының 25-інен бастап күшіне енеді.
Жаңа талапқа сай 65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өтуі қажет. Егер мемлекеттік ақпараттық жүйеде жүргізушінің медициналық тексеруден өткені, көлік құралын басқаруға қарсы көрсетілімдерінің жоқтығы расталмаса, көлік құралын басқару құқығы тоқтатылады. Сондай-ақ жол ережесін өрескел бұзғандар қайтадан емтихан тапсырады.

АҚТОТЫ БОРАНОВА, ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ:
— Келесі өзгеріс – жол жүрісі қағидаларын білу деңгейін қайта тексеруге қатысты. Заңда көзделген жағдайларда жолда жүру қағидаларын өрескел бұзған жүргізушілер қайтадан теориялық емтихан тапсыруға жіберілуі мүмкін. Мысалы, жол қиылысынан өту кезінде апаттық жағдай туғызу, белгіленген жылдамдықты бірнеше рет асыру, маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу қағидаларын қауіпті түрде бұзу сияқты өрескел құқықбұзушылықтар.

Егер жүргізуші еш себепсіз тиісті қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде теориялық емтиханға келмесе, бұл да көлік құралын басқару құқығын тоқтатуға негіз болады. Сонымен қатар масаң күйде көлік басқарғаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Енді жәбірленушімен келісімге келу де жазадан құтқармайды.

АҚТОТЫ БОРАНОВА, ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ:
— Енді қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылғанның өзінде, құқықбұзушы сегіз жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Ал егер жүргізуші куәлігі бомаса, оны сегіз жыл бойы алу мүмкін болмайды.

Бұл өзгерістердің барлығы – жол жүрісі қауіпсіздігін арттыруға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталғаны белгілі.
ІІМ көпшілікті жолда жүру қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Жолда абай болайық!
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал