Павлодар облысында алапат құйын тұрғындарды әбігерге салды. Успен ауданындағы Қоңырөзек ауылы маңындағы жойқын жел үйлердің шатырын жұлып, қоршауларды қиратып, елді мекенді жарықсыз қалдырды. Ал Жетісу облысында дауыл кезінде алып ағаш жүріп келе жатқан көліктің үстіне құлап, жүргізуші жарақат алды. Синоптиктер алдағы күндері де еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болатынын ескертеді. Бір өңірлерде нөсер жаңбыр мен бұршақ жауып, екпінді жел соқса, енді бір аймақтарда аптап ыстық қайта күшеймек.
Куәгерлер түсірген видеоларда жер мен көкті жалғаған алып құйын анық көрінеді. Абырой болғанда, адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ. Дегенмен табиғи құбылыстың салдарынан төрт ауылда электр желісінің жеті бағанасы зақымданған. Ал Қоңырөзек ауылында 12 тұрғын үй мен жергілікті Мәдениет үйінің шатырына зиян келген. Қазір оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы органдар апат салдарын жою жұмыстарын жүргізіп, келтірілген шығын көлемін нақтылап жатыр.
Ал Талдықорған – Текелі тасжолында жүріп келе жатқан жеңіл көліктің үстіне алып терек құлады. Салдарынан жүргізуші жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Оқиға 21 шілдеде Қарабұлақ – Текелі бағытындағы «Өмір бұлақ» бастауының маңында болған. Қатты желден жол жиегіндегі ағаш Toyota Camry көлігінің үстіне құлаған. Көлікте бес адам болыпты. Жүргізуші жарақат алып, бірден аудандық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр. Құтқарушылар ағашты кесіп, жолды тазартты. Мамандар ауа райы қолайсыз кезде жүргізушілерді сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері елдің басым бөлігінде ауа райы күрт бұзылады. Ел аумағы арқылы өтетін солтүстік-батыс циклонының әсерінен жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей өңірлерде нөсер күшейіп, бұршақ жауып, желдің екпіні артуы мүмкін.
НҰРДАНА ТІЛЕУҚҰЛ, ИНЖЕНЕР-СИНОПТИК:
— Суық ауа массаларымен толығатын циклон жауын-шашынмен қатар ауа температурасының төмендеуіне де ықпал етеді. Сонымен қатар Қазақстанның батыс өңірлеріне Иран аумағынан жылы әрі құрғақ ауа массалары келе бастайды. Соның әсерінен жауын-шашын тоқтап, ауа температурасы жоғарылайды. Күндізгі уақытта ауа температурасы 34-39°С қатты ыстыққа дейін, жекелеген аудандарда 40-44°С өте қатты ыстыққа дейін болжанады.
Шымкентте аптап ыстық басылды. Екі күннен бері қала температура 30-35 градусты көрсетіп тұр. Дегенмен мамандар мұндай ауа райы тек аптаның аяғына дейін ғана сақталатынын айтты.
ЖАНАТ ЖАРМЕНОВА, МЕТЕОБОЛЖАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Облыстың батысында және солтүстігінде таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жаңбыр жауады деп күтілуде. Кей жерлерде найзағай, шаңды дауыл тұрады. Ертең күндіз 30-35 градус, облыстың таулы аудандарында 27 градус болады. Біртіндеп ауа температурасы көтеріледі, 34-39 градус, облыстың таулы аудандарында 30 градусқа дейін көтерілетін болады.
Қазір қалада жел соғып, жаңбыр жауып жатыр. Шілдедегі табиғаттың мұндай тосынсыйына таңырқағандар аз, себебі ыстықтан шаршаған тұрғындар жаңбырды ұзақ күтті. «Аптаптан кейін, мұндай ауа райы ұзаққа дейін сақталса екен», — дейді олар.
Дегенмен апта соңында ауа температурасы қайта көтеріледі. Мамандар сапар мен демалысты жоспарлау кезінде ауа райы болжамын ескеруге кеңес береді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.