Ормуз бұғазы жабылса, салдары Таяу Шығыспен шектелмейді – сарапшылар

АҚШ пен Иран арасындағы шиеленісті дипломатиялық жолмен реттеуге тағы бір мүмкіндік туды. Арағайын елдер Тегеранға атысты уақытша тоқтату жөнінде жаңа ұсыныс жолдады. Алайда келіссөздер жалғасып жатқанымен, Вашингтон әскери дайындықтан бас тартпай отыр. Ақ үй қорғаныс шығындарын миллиардтаған долларға арттыруды сұрап, Иранға қатысты қысымды күшейте түсті. Егер Ормуз бұғазындағы жағдай ушықса, оның салдары тек Таяу Шығысқа емес, әлемдік экономикаға, соның ішінде Қазақстанға да әсер етуі мүмкін.
АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс уақытша саябырсуы мүмкін. Екі ел арасындағы келіссөздерге арағайын болып жүрген тараптар Тегеранға жаңа ұсыныс жолдады. Құжатта атысты 10 күнге тоқтатып, әлемдік сауда үшін стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қайта жандандыру қарастырылған. Иран бастаманы алғанын растады. Ал Ақ үй ұсынысты қарап жатқанын мәлімдеді. Бірақ дипломатиялық қадамдарға қарамастан, Вашингтон әскери дайындықты күшейтіп жатыр.
ПИТ ХЕГСЕТ, АҚШ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:
— Бұл – Қорғаныс министрлігінің шұғыл қажеттіліктерін өтеуге арналған аса маңызды қаржы. Бейбітшілікке күш арқылы ғана қол жеткізуге болады. Сондықтан соғысқа жол бермеу үшін оған дайын болуымыз керек.
Осы ұстаныммен АҚШ әкімшілігі Конгресстен қосымша 87 миллиард 600 миллион доллар бөлуді сұрады. Оның басым бөлігі қару-жарақ қорын толықтыруға, оқ-дәрі, дрон және киберқауіпсіздік жүйелеріне жұмсалмақ. Бұған дейін америкалық ақпарат құралдары Вашингтон Иранға қарсы әскери операцияны кеңейтіп, Таяу Шығысқа қосымша күш жіберуді қарастырып жатқанын хабарлаған еді. Ал сарапшылардың айтуынша, егер Ормуз бұғазы жабылса, оның салдары тек Таяу Шығыспен шектелмейді. Әлемдік мұнай бағасы өсіп, логистика қымбаттайды. Бұл Қазақстан экономикасына да жанама әсер етуі мүмкін.

ЖАНАТ МОМЫНҚҰЛОВ, САЯСИ САРАПШЫ:
— Бұл жаһандық саудаға жағымсыз әсер етеді. Мұнай бағасы өседі, тасымал шығыны артады, заттар қымбаттайды. Бұның бәрі Қазақстанға жанама түрде, экономикалық жағынан теріс әсер етуі мүмкін. Жеткізу тізбектері бұзылады. Бірақ біз үшін жағымды тұсы да бар. Каспий дәлізінің, яғни Орта дәліздің маңызы артып кетуі мүмкін. Өйткені солтүстік бағыттар жабық, енді оңтүстік бағыттар да жабылатын болса, Қазақстанның маңызы артады.
Сарапшы пікірінше, қысқа мерзімде жоғары мұнай бағасы Қазақстанның экспорттық табысын арттыруы ықтимал. Алайда ұзақ мерзімде қымбат логистика мен жеткізу тізбегінің бұзылуы экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан қазір әлем назары Ормуз бұғазына ғана емес, Вашингтон мен Тегеранның келіссөз үстелінен қандай шешім шығаратынына да ауып отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал