Алматыда «Аллуна» фильмінің түсірілімі басталды. Ол – ауыр диагнозын білгеннен кейін, қалған уақытын қызының арманын орындауға бел буған ана туралы оқиға. Кейіпкер қызының болашағы үшін мансабынан, отбасынан, тіпті өз емінен де бас тартуға дайын. Алайда арманға жету жолында ол шоу-бизнестің қатал заңдарына және өзі сенген адамдардың сатқындығына тап болады.
Түсірілімнің алғашқы күні дәстүрлі рәсімнен басталды. Топ фильмнің атауы мен қатысушылардың қолтаңбасы жазылған табақшаны сындырды. Картинаны таспалау үшін шамамен екі апта уақыт қажет. Ал кино мазмұны шынайы оқиғаларға негізделген.
ӘЙГЕРІМ СЕРІКҚЫЗЫ, «АЛЛУНА» ФИЛЬМІНІҢ БАС ПРОДЮССЕРІ:
— Бұл фильм – драма. Өзімнің өмірімнен өткен оқиға. Бәрі: «Драма түсірмеңіз, бәрі комедия көреді», — деп айтып жатыр. Бірақ бұл – менің ішіме сыймай кеткен дүние. Менің Аллуна деген қызым бар. Сценарий өз басымнан өткеннен кейін, қазірдің өзінде көріп жылап аламын.
Сценариймен жұмыс ақпан айында басталған. Фильмдегі басты рөлді Макпал Исабекова сомдайды. Онымен бірге картинаға Қазақстанның өзге де танымал актерлері қатысуда. Авторлардың айтуынша, фильмнің басты мақсаты – кассадан мол табыс табу емес, керісінше өмірдегі шынайы құндылықтар туралы көрермеге ой салу.
ГҮЛМИРА ДАЙРАБАЕВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:
— Бұл – әділдікті меңзейтін фильм. Драмасы да бар, өмірден алынған. Өзім креативті индустрия, шығармашылықтың мұхитында жүргеннен кейін шоу бизнес – маған өте таныс тақырып. Көрерменге қызық болады деп ойлаймын.
«Аллуна» жай ғана отбасылық драма емес, қиын сәтте таңдау жасап, шешім қабылдауды меңзейтін, махаббатқа толы хикая. Жоба авторлары: «Ол эфирге шыққан кезде көрерменге уақыттың аса қымбат құндылық екенін ұғындырса…», — дейді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.