Нұрай Серікбайды 35 рет пышақтап өлтірген

Нұрай Серікбайды 35 рет пышақтап өлтірген. Ал қанды қылмысқа дейін күдікті Нұрайға бірнеше ай бойы тоқтаусыз қоңырау шалып, аңдуын тоқтатпаған. Бұл – прокурордың айыптау актісінде айтылған ақпарат. Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты алдын ала тыңдау өтті. Алдыңғы сот отырысында тұмауратып қалды деген күдікті бүгін процеске қатысты.
Аңдыған, қорқытқан, қылмысқа дайындалып барып, пышақтап өлтірген. Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты алдын ала сот тыңдауында прокурор айыптау актісін оқыды. Мемлекеттік айыптаушы Шерхан Аймаханның Нұрайды бірнеше ай бойы аңдып, тыныштық бермегенін атап өтті. 3 эпизодтан тұратын айыптау актісінің әрбір беті жантүршілерлік дерекке толы болды.

МАДИЯР ӘБІЛҚАСЫМОВ, МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ:
— Автотұраққа барып, автокөлік ішінде тұрған бір дана қара түсті пышақты қалтасына салып алған. Сол уақытта дүкенге шыққан жәбірленуші Серікбайды жолықтырып, саябаққа баруға ұсыныс жасаған. Алайда жәбірленуші Серікбай ұсыныстан бас тартып, үйіне қайтатынын айтқан. Сол себепті Аймаханда адам өлтіру ойы туындаған. Содан қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін ыңғайлы уақытты күтіп, жәбірленуші Серікбайды Төлеметов көшесіндегі көпқабатты үйлердің ортасынан өтіп жатқан кезде күдікті Аймахан қалтасынан алдын ала дайындап әкелген пышағын шығарып, жәбірленуші Серікбайдың денесіне 5-6 рет пышақпен жарақат салған.

Күдікті оқиғаны көрген куәні байқаған соң қашып кеткен. Бірақ қасақана ойын жүзеге асыру мақсатында куәнің көзінше Нұрай Серікбайдың жатқан жеріне келіп, оған жалпы 35 рет дене жарақатын салған. «Оның 9-ы шаншылып енген жарақат болса, 24 данасы – шаншылып кесілген жарақаттар», — деді мемлекеттік айыптаушы. Салдарынан көп қан жоғалтқан жәбірленуші тіл тартпай кетті. Прокурор күдікті Шерхан Аймаханның марқұмды өткен жылдың қазан айынан бастап тоқтаусыз аңдығанын да мәлімдеді.

МАДИЯР ӘБІЛҚАСЫМОВ, МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ:
— Күдікті Аймахан сағат 10:50-ге дейін Серікбайды аңдыған. Бұл әрекеттер нәтиже бермегеннен кейін күдікті Аймахан ол жерден кетіп қалған. Кейіннен күдікті жәбірленушіге 10 қазан сағат 19:26 уақыттан бастап 11 қазан сағат 18:41 уақытқа дейін 70 рет қоңырау шалған. Кейіннен жәбірленуші Серікбай 67-27 абонент номерін 67-37 номеріне ауыстырған. Күдікті Аймахан жәбірленушімен байланысқа шыға алмағаннан кейін, оны Алматыға оқуын жалғастыруға кетті деп ойлап, қайта Алматыға жәбірленушінің жалдамала үйіне барған.

Судья өз қаулысында сот барысы онлайн көрсетілмейтінін атап өтті. Ол бұл шешімін куәлердің бір-бірінің жауабын білмеуі қажет екенімен байланыстырды.

САМИДИН ТЕМІРӘЛИЕВ, СУДЬЯ:
— ҚК 125-1 бабының 1-бөлігінде, 115-1 бабында, 99-бап 2-бөлігі 5-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтармен айыпталып, сотқа берілген Шерхан Әлмаханұлы Аймаханға қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы алқабилердің қатысуынсыз 2026 жыл 28 шілде сағат 10:00-ге Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданараладық сотына тағайындауға қаулы етеді.

Сондай-ақ сотта күдіктінің Нұрайды қорқыту арқылы алып қашқаны туралы да айтылды. Судья сот отырыстары аптасына 2 рет өтенін айтты. Ал келесі басты сот талқылаудында оқиға куәгерлері жауап береді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал