Венесуэлада хантавирустан үш адам көз жұмды

АҚШ рекордтық әскери бюджетті мақұлдауға кірісті. Ал Чили мен Үндістанды алапат тасқын әбігерге салса, Венесуэлада хантавирустан адам өлімі тіркелді. Шетелдегі осы және өзге де маңызды оқиғаларға әріптесім шолу жасайды.
АҚШ Өкілдер палатасы Пентагонның рекордтық қорғаныс бюджетін мақұлдады. Конгрессмендер 2027 қаржы жылына арналған 1 триллион доллардан асатын қорғаныс шығындарын қолдап дауыс берді. Құжатта әскери қызметкерлердің жалақысын көтеру, жаңа қару-жарақ сатып алу және әлемдегі қауіп-қатерлерге қарсы әскери әлеуетті күшейту көзделген. Алайда бұл құжат әлі заң күшіне енген жоқ. Енді оны АҚШ Сенаты қарап, мақұлдауы тиіс. Одан кейін ғана заң жобасына президент қол қойса, рекордтық қорғаныс бюджеті ресми түрде бекітіледі.
Венесуэлада хантавирустан үш адам көз жұмды. Елдің Денсаулық сақтау министрлігі қауіпті вирус жұқтырған үш адамның қайтыс болғанын ресми растады. Барлық жағдай Ансоатеги штатында тіркелген. Қазір ведомство өлімнің мән-жайын анықтау үшін арнайы тергеу бастап, эпидемиологиялық тексеру жүргізіп жатыр. Қаза тапқандардың жеке басы мен жасы әзірге жарияланған жоқ. Мамандардың айтуынша, хантавирус адамға көбіне кеміргіштердің зәрі мен нәжісінің бөлшектері аралас ауаны жұту арқылы жұғады. Сондай-ақ вирус кеміргіштер тістегенде немесе тырнағанда да берілуі мүмкін. Билік тұрғындарды санитарлық талаптарды қатаң сақтап, кеміргіштермен байланыстан барынша сақ болуға шақырды.
Чилидегі тасқын жағалауды қоқысқа толтырды. Елде бірнеше күнге созылған нөсер мен дауылдан кейін әйгілі El Faro жағажайы қалың қоқыс пен лайдың астында қалды. Жағалауға өзен ағысымен бөренелер, ағаш бұтақтары, пластик қалдықтары, өсімдіктер мен шөгінділер үйіліп келген. Мамандардың мәліметінше, жауын-шашын мөлшері 282 миллиметрге жеткен. Бұл – соңғы 54 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Арнасынан асқан Эльки өзені барлық қоқысты теңізге дейін алып шыққан. Экологтар жағалауды толық тазартуға бірнеше ай кетуі мүмкін екенін айтып, мұны табиғи апаттан кейінгі «екінші төтенше жағдай» деп бағалады. Себебі ластану халық денсаулығына, теңіз экожүйесіне және қала экономикасының негізгі тіректерінің бірі саналатын туризмге қауіп төндіріп отыр. Соңғы мәлімет бойынша, Чилиде табиғи апаттан 13 адам қаза тауып, 7 адам із-түзсіз жоғалған, ал елдің 10 өңірі зардап шегіп, 63 мыңнан астам тұрғын сыртқы әлемнен оқшауланып қалған.
Үндістанның Ассам штатында алапат тасқыннан қаза тапқандар саны артып жатыр. Соңғы бір тәуліктің өзінде су тасқынынан 21 адам көз жұмып, жыл басынан бергі құрбандар саны 31-ге жетті. Табиғат апаты әсіресе Джорхат ауданында ауыр зардап әкеліп, тұрғын үйлер, жолдар мен егістік алқаптары түгел су астында қалған. Халық белуардан келетін суды кешіп, қажет заттарын қауіпсіз жерге тасып жатыр. Билік мәліметінше, тасқыннан 564 мыңнан астам адам зардап шеккен. Брахмапутра өзені мен оның салалары қауіпті деңгейден асып, кейбір өзендерде су мөлшері тарихи ең жоғары көрсеткішке жеткен. Синоптиктер алдағы төрт күнде өңірде нөсер жаңбыр мен найзағай жалғасатынын ескертіп, қауіптің әлі де сейілмегенін хабарлады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал