Қауын-қарбыздағы нитрат мөлшері тексерілді

Қауын мен қарбызды жаз маусымы басталысымен іздей бастаймыз. Алайда енді пісіп, ортаға түскен жеміске жұртшылықтың қауіптеніп қарайтын әдеті. Өйткені осы кезде улану жағдайлары жиілейді. Дәл қазір бақша өнімдерін жеу қауіпсіз бе? Құрамында нитрат көп пе, аз ба? Сатып алушылардың күмәнін сейілту үшін аталған өнімдерді Алматы қаласының санитар дәрігерлері зертханада тексеріп көрді.
Рысдәулет Жақсыбай 16 жылдан бері қарбыз бен қауын сатып келеді. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде тұрақты тұтынушылары қалыптасқан. Қазір сатып алушылар алған затына бұрынғыдан да мұқият қарайды. Олар қарбыздың қайдан әкелінгенін, сатуға қажет құжаттардың бар-жоғын және өнімнің тексерістен өткен-өтпегенін сұрайды. Саудагер өнімнің сапалы екенін, тиісті қызметтер тексеріп тұратынын айтады.

ЫРЫСДӘУЛЕТ ЖАҚСЫБАЙ, САТУШЫ:
— Сатып алушылардан арыз-шағым жоқ. Дәрі қосылмаған. Қарбыздар Жетісайдан әкелініп жатыр. Сатып жатқанымызға 16 жыл болды.
Дегенмен сатушылардың сөзіне қарамастан, сатып алушылардың күмәні әлі де бар. Көпшілік нитраттан қауіптеніп, қарбызды халық арасында кең тараған белгілері пішіні, түсіне қарап таңдауға тырысады. Бірақ ол әдіспен қарбыз сапасын біле алмайсыз.
Мамандар биылғы қарбызды зертханада тексеріп көрді. Зерттеу нәтижесінде қарбыз бен қауын үлгілерінен нитрат мөлшерінің рұқсат етілген деңгейден асқаны анықталған жоқ. Сонымен қатар Алматыда осы өнімдерді тұтынуға байланысты бірде-бір тағамнан улану жағдайы тіркелмеген.

ӘСЕЛ ҚАЛЫҚОВА, ҚАЛАЛЫҚ СЭБД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Ең алдымен, өнімдегі нитрат мөлшері тексеріледі. Қажет болған жағдайда пестицидтердің қалдықтары, улы элементтер, сондай-ақ микробиологиялық және радиологиялық көрсеткіштер зерттеледі. Бүгінгі таңда зертханалық тексерулер нәтижесінде бақша өнімдерінің құрамындағы нитрат мөлшерінің рұқсат етілген деңгейден асуы тіркелген жоқ.
Қарбыз бен қауынды сапасы бақылаудан өтетін ресми сауда орындарынан сатып алған дұрыс. Өйткені санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен Ұлттық сараптама орталығының мамандары базарлар мен сауда орындарын тұрақты тексеріп тұрады. Тұрғындар тіпті сатып алған көкөністі сол сауда орнында экспресс-тест арқылы нитратқа тегін тексерте алады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал