Астанада «Dara» Президенттік бастамалар қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Шоқан» деректі-көркем жобасының жаңа түсірілім кезеңі басталды. Жаңа кезең аясындағы жұмыс елорда мен оған іргелес аумақтардағы бірнеше локацияда жалғасуда. Шығармашылық топ көрнекті қазақ ғалымы, саяхатшы әрі ағартушы Шоқан Уәлихановтың өміріндегі маңызды кезеңдерді қайта жаңғыртуда.
Жобаның негізгі түсірілім алаңдарының бірі – «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры. Бұл жерде XIX ғасырдағы ақсүйектер өмірінің сән-салтанатын бейнелейтін ауқымды бал сахналары түсіріліп, оған жүзге жуық адам қатысты. Бұдан кейін шығармашылық топ Тайтөбе шатқалдарында жұмысын жалғастырып, Шоқан Уәлихановтың Қашғар экспедициясына қатысты эпизодтарды таспалайды.
Тарихи реконструкция аясында керуен, жорық лагері және басқа да тарихи детальдар қайта жасалып, ғалымның ең маңызды сапарының атмосферасы барынша дәл бейнеленді. Тарихи дәуірдің кейіпкерлерін экранда жаңғыртуға танымал актерлер – Меруерт Өтекешева, Бақтияр Қожа, Төлепберген Байсақалов және Салтанат Бақаева атсалысуда. Басты рөлді жоба авторлары ашық онлайн-кастинг нәтижесінде таңдаған жас актер Ерлан Кұлмурзин сомдайды.
Алдағы уақытта түсірілім тобы Сырымбеттегі «Айғаным» музей-қонысында, сондай-ақ ғалымның мәңгілік мекені орналасқан «Алтын-Емел» ұлттық паркінде жұмысын жалғастырмақ.
«Шоқан» жобасы көркем баяндауды, деректік нақтылықты және ауқымды тарихи реконструкцияны ұштастыра отырып, Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми мұрасын кеңінен таныстыруды мақсат етеді. Жобаның авторы – белгілі қазақстандық журналист, деректі фильмдердің авторы Майя Бекбаева.
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.