Шымкентте шіліңгір шілденің ыстығымен қатар ішек инфекциясына шалдыққандар саны айтарлықтай артқан. Жыл басынан бері мұндай диагнозбен 500-ге жуық адам ауруханаға түскен. Оның едәуір бөлігі дәл осы шілде айында тіркеліп отыр. Мамандар «ыстық күндері тағамды дұрыс сақтамау, денсаулыққа қауіп төндіретінін» ескертеді.
Күннің қызуы көтерілсе, жедел жәрдемге түсетін шақыртулар да көбейеді. Тәулігіне екі мыңнан астам шақыртуға шығатын мамандардың айтуынша, соңғы күндері жүрегі айнып, құсып, іші өткен тұрғындардың қарасы артқан. Дәрігерлер мұндай жағдайдың жаз мезгілінде жиі кездесетінін айтып, қарапайым сақтық шараларын ұмытпауға шақырады.
АРМАН БАҚТЫБАЕВ, ЖМЖ СТАНЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Жазғы маусымда шақырту 2500-ден жоғары болады. Іш өту, құсу жағдайлары тіркеледі. Түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жеміс-жидектерді жеу алдында жуу керегін ескертеміз.
Дәрігерлердің сөзінше, аптапта азық-түліктің тез бұзылуы мүмкін. Салдарынан тағам арқылы тарайтын инфекция қаупі де артады. Тек шілде айының өзінде ішек инфекциясымен 280 адам ауруханаға жатқызылса, оның басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар.
ЖҰЛДЫЗ РАЙЫМҚҰЛ, СЭБ ДЕПАРТАМЕНТІ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Бүгінгі таңда 5 және одан да көп науқас тіркелген жағдайда бізге шұғыл хабарлама келеді. Статистиканы қарайтын болсақ, әзірге ондай жағдайлар тіркелмеді. Сауда орындарынан, дүкендерден алған өнімдердің токсикологиялық зерттеу сараптамасының қорытындысы болады. Сіз тұтынушы ретінде сол сараптама қорытындысын талап ете аласыз.
Қазір өңірде қауын-қарбызға деген сұраныс та артқан. Базарларда бақша өнімдерінің түр-түрі самсап тұр. Сауда қызып, сатып алушы да көбейген. Дегенмен мамандар тәтті әрі шырынды өнімді таңдағанда оның қай жерде және қандай жағдайда сатылып тұрғанына назар аударуға кеңес береді.
Сауда орындарындағы қауын мен қарбыз алдымен зертханалық тексеруден өтеді. Мамандар өнімнің қауіпсіздігі расталғаннан кейін ғана оны сатылымға шығаруға рұқсат береді. Дегенмен базарда, көшеде немесе рұқсат етілмеген орындарда сатылатын бақша өнімдерін сатып аларда сақ болған дұрыс. Мамандар жеміс-жидекті мұқият жуып, тез бұзылатын тағамдарды дұрыс сақтауды ескертеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.