Енді алимент арнайы банк шотына түседі

Енді алимент арнайы шотқа түседі. Яғни балаға тиесілі ақшаны банктер мен қаржы ұйымдары қарыз үшін бұғаттай алмайды, бөгде адамның жұмсауына жол берілмейді. Жаңа ереже 25 тамызда күшіне енеді. Ал елде алимент төлемей жүрген әйелдермен күрес күшейтіліп жатыр.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Елімізде ажырасқан отбасы көп. Сәйкесінше, алимент дауымен сот табалдырығын тоздырып жүргендер де аз емес. Әдетте алимент төлемейтін әкелер туралы жиі айтамыз. Бірақ қоғамда өз баласынан бас тартып, перзентіне ақша төледуен жалтарған аналар да бар. Иә, олардың саны ер адамдарға қарағанда аз. Дегенмен бұл да – бала тағдырына тікелей әсер ететін түйткілді мәселе. Неліктен аналар өз баласынан теріс айналады? Заң мұндай жағдайда қаншалықты тиімді жұмыс істейді?

Сот орындаушыларының айтуынша, олардың көбінің тұрақты жұмысы жоқ. Енді бірі ішімдікке немесе өзге де зиянды әдеттерге тәуелді. Ал кейбірі ресми табысын әдейі жасырып жүр. Себебі әртүрлі болғанымен, салдары біреу. Қаржылай қолдаудан қағылып, қиындықты, ең алдымен, балалар көреді.
ШОЛПАН САМБАЕВА, ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫ:
— Кейбір жалғызбасты аналар перзенттерін балалар үйіне немесе мемлекеттік мекемелерге тапсыратын жағдайлар да кездеседі. Бірақ бұл оларды алимент төлеу міндетінен еш босатпайды. Мұндай жағдайда қаражат мемлекет арқылы баланың пайдасына өндіріліп алынады.
Қостанай облысындағы Балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Несібелі Бәсенованың айтуынша, осыдан 20 жыл бұрын алимент бойынша борышкер ата-ана саны 7 мыңның шамасында болған. Қазір бұл сан шамамен үш есе артқан. Тіпті перзентінің алдында миллиондаған қарызы бар әйелдер де бар.

НЕСІБЕЛІ БӘСЕНОВА, БАЛАЛАР ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ӨҢІРЛІК УӘКІЛ:
— Аналармен өте қиын, неге десеңіз олардың саны аз болғанымен, көбінің жұмысы жоқ, ішімдік салынып кеткен, тұрақты жұмыс орны жоқ. Алиментті өндіріп алу өте қиын. Бірақ жауапкершілікке бірдей тартылады.
Қазір сот орындаушылардың өндірісінде алимент өндіруге қатысты 300 мың іс бар. Әділет министрлігінің мәліметінше, борышкерлердің басым бөлігі – ер адамдар. Ал баласына алимент төлемей жүрген 7 600-дей әйел бар. Жалпы борышкерлердің балалар алдындағы берешегі 19 млрд теңгеден асады. Биылғы жылдың 25 тамызынан бастап алимент өндіру тәртібіне өзгеріс енгізіледі. Енді алимент тек арнайы ашылған банк есепшотына аударылады. Әділет министрлігінің мәліметінше, бұл балаға тиесілі қаржының басқа мақсатқа жұмсалмауы үшін жасалып отыр.

ГАУХАР ДОСЖАНОВА, МӘЖБҮРЛЕП ОРЫНДАУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
— Өндіріп алушы атқарушылық іс жүргізу қозғалғаннан кейін сот орныдаушының талабы бойынша тиісті деректемелерді сот орындаушыға ұсынуға міндетті. Балаларға түсетін қаражатты қорғау мақсатында осындай шешім қабылданды.

Алименттен жалтарғандарға қолданылатын жаза да қатаң. Борышкерлердің банк есепшоттары бұғатталып, шетелге шығуына шектеу қойылады. Тіпті ата-аналық міндетін орыдамағандар жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін. Ал алимент төлеуден әдейі жалтарғандар әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал