Аэротакси Астанада әзір ұшпайды. Елорда аспанына көтерілген әуе көлігі тек көпшілікке көрсету үшін әкелінген. Жоба авторлары: «Болашақта мұндай көлік қала ішіндегі және қалааралық қатынасты түбегейлі өзгертеді», — деп отыр.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Таксимен ұшып келдім. Бұл сөз енді қиял емес. Астанада аэротакси аспанға ұшырылды. Міне, қонып жатыр. Қазір борты бос, ішінде ешкім жоқ, ұшу қашықтан басқарылды.
Бұл – тікұшақ емес, дрон да емес. Мамандар оны: «eVTOL» – тік көтеріліп, тік қонатын электрлі әуе көлігі», — дейді. Ішінде пилот пен төрт жолаушыға орын бар. Қытайдың AutoFlight компаниясы жасаған аппарат сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшып, бір қуатпен 200 шақырымға жете алады. Он екі электр қозғалтқышымен жұмыс істейтіндіктен, шуы аз, ал атмосфераға көмірқышқыл газын шығармайды. Бүгінгі ұшу жолаушысыз өтті. Өйткені аэротаксидің әлі адам тасымалдауға рұқсат құжаты жоқ.
ДАСТАН ЗАЙНОЛДА, ALATAU ADVANCED AIR GROUP КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:
— Астана бірінші кезеңдік жоспарымызда жоқ. Жолаушылармен 2028 жылдың соңы – 2029 жылдың басында ұшады деген ойдамыз. Жоспарымыз сондай. Себебі бұл әуе кемелері адаммен ұшуға сертификатталмаған. Яғни, ол өз елдерінде бірінші сертификат алуы қажет. Сол сертификатпен келіп, біз өзімізде оны қабылдап, ары қарай рұқсат беруге болады.
Аэротаксимен ұшудың ақысы қанша болатыны әлі күнге белгісіз. «Есебі толық жүргізіліп болған жоқ», — дейді компания өкілі. Аэротакси әзірге тек Алматы мен Алатау қалалары арасында ұшады. Ол үшін алты ұшу-қону алаңы салынады. Ветипорттар Алматы әуежайы, Алатаудың Golden District ауданы, Әл-Фараби даңғылы бойындағы қаржы орталығы, Тұңғыш Президент саябағы маңы мен Медеуде орналастырылады.
СЕРГЕЙ ХЕГАЙ, ALATAU ADVANCED AIR GROUP КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
— Қазір біздің басты мақсатымыз – Алатау Ситиде тестілік ортаны қалыптастыру, инфрақұрылымды дамыту, кейін Алматы қаласына кезең-кезеңімен көшу, одан кейін Алматы облысының туристік бағыттарына шығу. Жүйе толыққанды жұмыс істеп, ешқандай ақау болмайтын деңгейге жеткенде ғана оны Қазақстанның басқа өңірлеріне кеңейтеміз.
Астанада бүгін ұшқан аппарат енді көпшілік назарына ұсынылады. 29 және 30 шілдеде ол «Барыс Арена» алдындағы көрме алаңына қойылады. Жұрт оны сыртынан ғана тамашалайды. Мамандар: «Бірнеше жылдан кейін дәл осындай аппаратпен әуеде такси ұстайсыз», — деп отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.