Астанадағы саябақтың бірінде бос жүрген иттер балаға жүгірген

Абырой болғанда қауып үлгерген жоқ. Бірақ 10 жастағы оқушы иттен қашамын деп құлап, аяғын жарақаттап алған. Әбден шошынған жеткіншек енді психологтың көмегіне мұқтаж. Полиция иттердің бірінің иесіне айыппұл салған. Мұндай жағдайда не істеу керек? Астанада итпен қай жерде серуендеуге болады? Далада үй жануарымен қыдыру тәртібі қандай?
Бұл оқиға сенбі күні Әбу-Даби Плаза сауда орталығының алдындағы саябақта болған. Баланың ата-анасы әлеуметтік желіде бірнеше бала саябақта жүгіріп, ойнап жүргенін жазған. Сол сәтте бос жүрген иттер олардың біріне тап берген. Қорыққан бала қашамын деп құлап, аяғын жарақаттап алған.
Баланың ата-анасы:
— Куәгерлердің айтуынша, бала ағасының соңынан жүгіріп бара жатқан. Сол сәтте иттер де оның артынан қуа жөнелген. Қорқып кеткен бала құлап, денесін жаралап алған. Жарақатқа иттің сілекейі тигендіктен, балаға алғашқы медициналық өңдеу жасаттық, сақтық үшін оған құтырмаға қарсы вакцина егу курсы тағайындалды.
Абырой болғанда, балаға жүгірген иттер бұралқы емес, үй жануары. Бірақ ол саябақта итпен серуендеуге болмайды. Тыйым салатын ескерту тақтасы тұр. Жәбірленуші тараптың айтуынша, оқиға орнына келген полиция сол жерде болған бірнеше ит иесінің тек біреуіне әкімшілік хаттама толтырған, қалғандары басын ала қашқан. Ит иелерімен біз де сөйлеспек болған едік, олар жауап берген жоқ. Ит қапқан жағдайда не істеу керек? Әуелі полициядан сұрадық.
Астана қаласы полиция департаменті:
Ит қапқан жағдайда:
— Зардап шеккен адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қайта шабуыл жасау қаупінің алдын алу қажет.
— Жарақатты 10-15 минут бойы сабынды сумен молынан жуып, кейін антисептикпен өңдеу керек.
— Дереу жақын жердегі травматологиялық пунктке немесе медициналық мекемеге жүгініп, қажетті көмек алып, құтырмаға қарсы вакцина егу қажеттілігі туралы дәрігердің шешімін алу қажет.
— Оқиға туралы полицияға және ветеринариялық қызметке хабарлап, жануардың иесін анықтау әрі итке ветеринариялық бақылау ұйымдастыру керек.
— Егер иттің иесі болса, ол жануар туралы барлық мәліметті беруге және оны заңда белгіленген тәртіппен ветеринариялық бақылауға қоюға міндетті.
Заң бойынша, ит пен мысықты ұстау және серуендету қағидаларын бұзғандарға алдымен ескерту жасалады немесе 3 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал салдарынан адамның денсаулығына зиян келсе, жаза 10 АЕК-ке дейін күшейеді. Қазір бұл іске ветеринарлық қызмет те араласты. Мұндай кезде мамандар не істейтінін «Астана ветсервис» мекемесі айтып берді.
Темірлан Әкімжанов, «Астана ветсервис» КМК бөлім басшысы:
— Мамандар көрсетілген мекенжайға барып, аумақты тексереді және жануардың иесі бар-жоғын анықтайды. Егер иттің иесі анықталса, оған қатысты әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылады және итті кез келген ветеринариялық клиникада ветеринариялық тексеруден өткізу міндеттеледі. Ал егер ит қаңғыбас болып, иесі анықталмаса, жануарды аулау шаралары жүргізіліп, ветеринариялық бақылауға алу үшін питомникке жеткізіледі.
Мамандардың айтуынша, адамға шабуыл жасаған иттің иесі жануардың ветеринариялық паспортын немесе құтырмаға қарсы вакцина салынғанын растайтын құжатты ұсынуға міндетті. Ал адамды тістеген кез келген жануар қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілі бір мерзімге ветеринариялық бақылауға алынады.
Руслан Бейсекеев, «Ветқамқор» клиникасының ветеринар-дәрігері:
— Итті 10 күн ветеринар-маман тексеруі керек. Дене қызуын, оның іс-әрекеттерін және судан қорқа ма, жоқ па, белгілері болуы керек. Итіміз күдікті болса, аузынан сілекейі кетіп, барлық признактары анық көрініп тұрса, ол ит ұйықтатылады. Ұйықтатылғасын, оның басы зертханаға тапсырылады. Себебі, оны тек трепанация жасап, бас миын тексеріп, зертханалық дәлелдегесін содан кейін ғана біз айта аламыз, құтыруы бар ма, әлде жоқ па.
Астанада жануарларды тек арнайы белгіленген алаңдарда еркін серуендетуге рұқсат етіледі. Ал балалар алаңында, мектеп пен балабақша аумағында, спорт нысандарында және тыйым салатын белгі орнатылған жерлерде ит жетектеуге заңмен тыйым салынған. Егер оқиға расында тыйым салынған аумақта болғаны дәлелденсе, ит иелерінің жауапкершілігі де қаралады.
Әсем Мусина, қалалық ветеринария және фитосанитария бөлімінің бас маманы:
— Иттерді серуендету қағидаларына сәйкес, оларды ұзындығы 2 метрден аспайтын қарғыбаумен алып жүру қажет. Ал қажет болған жағдайда итке міндетті түрде тұмылдырық кигізіліп, серуендетілуі тиіс.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал