Олардың әр күні – уақытпен күрес. Бірі жылдап гемодиализге тәуелді болса, енді басқалары жүрек не бауыр трансплантациясын күтеді. Соңғы 4 жылда мәйіттік донорлыққа 40 мыңға жуық адам келісім берген. Бірақ дәрігерлердің сөзінше, бұл әлі де жеткіліксіз. Әріптесім Инара Барсақбаева тарқатсын. Кәдімгі тамақ ауруы адам тағдырын түбегейлі өзгертуі мүмкін. Анар Шаймергенова мұны өз басынан өткергенін айтады. 11 жасында ауруы асқынып, бүйрегін зақымдаған. Ал 30 жасында тұла бойы сыр беріп, содан бері гемодиализ аппаратына тәуелді болды. 4 жыл бойы бүйрек трансплантациясы кезегін күтіп, үмітін үзбеген арудың арманы орындалады. Оған донор табылды.
Анар Шаймергенова, бүйрек реципиенті:
— Ота жасауды кейінге қалдырма дейтін дәрігерлер. Төрт жылдан кейін ғана мәйіттік донор табылып, трансплантация жасалды. Дәрігерлердің нұсқауын бұлжытпай орындап, ем-домды уақытында қабылдадым. Әлеуметтік желіге басымнан өткенімді жазып жүрмін. Бұл дәл осындай қиындықпен күресіп жүрген жанға үміт пен жігер береді деп ойлаймын.
2023 жылдан бері әр азамат мәйіттік донорлыққа келісімін беруге немесе бас тартуына болады. Бұл eGov порталы арқылы бірнеше минут ішінде рәсімделеді. Осы уақыт ішінде 40 мыңнан астам адам шешім қабылдаған. Елде трансплантация жүйесі біртіндеп дамып келе жатқанымен, мәйіттік донорлықтың үлесі әлі де төмен. Қазір елімізде донорлық ағзаға мұқтаж 4 739 адам кезекте тұр. Оның 125-і – бала. Сондықтан көптеген науқас Анар Шаймергенова сияқты жылдар бойы донор күтуге мәжбүр.
Айдар Сейітқазинов, трансплантация орталығының директоры:
— Көпшілік мәйіттік донорлықтан діни көзқарасқа байланысты немесе ағза заңсыз сатылып кетеді деген күдікпен бас тартады. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Донорлық ағза арнайы электронды жүйе арқылы тек күту тізіміндегі науқасқа медициналық көрсеткішпен бөлінеді . Мәселен, бүйрек, жүрек, бауыр сияқты әр ағза бойынша арнайы тізім жасалып, шамамен 20- ға жуық үміткердің арасынан сәйкес келетін науқас таңдалады.
Ал Қайрат Батпановтың оқиғасы – үлкен ерлік пен ерекше мейірімнің үлгісі. Дәрігерлер бауыр қатерлі ісігіне шалдыққан анасына шұғыл трансплантация қажет екенін айтқанда, ол бірден донор болуға келісім берген. Қазір барлық қажетті медициналық тексерістен өтіп жатыр. Алда күрделі ота мен оңалту кезеңі күтіп тұр.
Қайрат Батпанов, донор:
— Қазір үш кезеңнен өттік. Барлық қажетті талдауды тапсырдық, компьютерлік және магниттік-резонанстық томографиядан толық өттік. Дәрігерлер менің де, анамның да бауырын жан-жақты тексеріп жатыр. Қан тамырларының орналасуын, ағзалардың сәйкестігін түгел зерттейді. Бұл – өте жауапты шешім. Донор болуға кез келген адам келісе бермейді. Бірақ өзіңнің жақын адамыңа, әсіресе анаңа өмір сыйлай алатыныңды түсінген сәтте, еш ойланбай келісім бересің.
Ал донорлық ағзаны сатуға Қазақстан заңымен қатаң тыйым салынған. Мұндай әрекет үшін қылмыстық жаза бар. Трансплантацияның өзі де науқастар үшін толықтай тегін жүргізіледі. Қазір елде осындай күрделі оталарды жасайтын 11 орталық жұмыс істейді. Айта кетелік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы адамның өмірін сақтап қалуға бағытталған мәйіттік донорлыққа ислам діні қарсы емес екенін бірнеше рет мәлімдеген.
Инара Барсақбаева, Арман Бөкеев, Сәбит Наурызбаев
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.