Маңғыстаудың жартасты мешіттері ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енді

Маңғыстаудың жартасты мешіттері Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан Үпі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді. Мұндай шешім Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-ші сессиясында қабылданды. 2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен үшінші Ұлттық құрылтайда Маңғыстау мұрасын бүкіл әлемге танытуға шақырған еді. Сол тапсырма орындалып отыр.
Маңғыстаудың жартасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу мәселесін талқылау ұзақ уақыт алды. Көптеген ел Қазақстанның осы ұсынысына қолдау білдіруге асықты. Оның басым көпшілік дауыспен мақұлданғанын отырыс төрағасы жария етті.

Ерлан Қарин, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:
— Бұл – еліміз үшін үлкен оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда көтерген бастамасы орындалды. Іс жүзіне асты. Тұңғыш рет 22 жылда Қазақстанның ұлттық номинациясы ЮНЕСКО мұралар тізіміне енгізілді. Бұл біздің ұлттық мұрамыздың, ұлттық мәдени, тарихи мұрамыздың кеңірек насихатталуына жол ашады және де еліміздегі отандық туризмнің дамуына тағы бір серпіліс береді деген үміттеміз. Сондықтан тағы да барша қазақстандықтарды осы маңызды шешіммен құттықтаймын.
Мұндай деңгейдегі өтінімдер көпжылдық ғылыми зерттеуді, терең тарихи негіздемені және қатаң халықаралық талапқа сай болуды талап етеді. Әлемдік тәжірибе бойынша дәл осындай бір ақпараттық жинақты сапалы дайындау үшін екі жылдан бес жылға дейін уақыт кетеді. Соған қарамастан, Мемлекет басшысының тапсырмасы жедел түрде жүзеге асырылды. Бұл ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, ғалымдар, Қазақстанның Сыртқы істер және Мәдениет министрліктерінің сарапшылары еңбек етті.
Асқар Әбдірахманов, — ҚР Юнеско жанындағы тұрақты өкілі:
— Бүгінгі шешім халықаралық қауымдастық жағынан ЮНЕСКО құралы арқылы Маңғыстаудың киелі орындарының бүкіл адамзатқа ерекше маңызы бар екенін және ол Қазақстан тарапынан, бүкіл әлем тарапынан қастерленуі тиіс екенінің дәлелі болып табылады.
Жанар Шайменова, ҚР Юнеско және ИІЖҰ комиссияның бас хатшысы:
— Біздің Сыртқы істер министрлігінің дипломаттарының осы номинацияға үлесі зор. Ең біріншіден, ол Париж алаңында ЮНЕСКО штаб-пәтері орналасқан жерде біздің тұрақты өкілдік үлкен жұмысты атқарды. Барлық комитеттің мүшелерімен келіссөздер де өткіздік.
Қазақстан 1992 жылы ЮНЕСКО-ға мүше болды. Бүгінде еліміз осы халықаралық ұйымның беделді әрі белсенді мүшесі. Соның арқасында еліміз бірегей нысандарды ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу жұмыстарын әрі қарай да жалғастыра бермек. Келесі үміткерлер де Маңғыстау облысының аумағында орналасқан. Атап айтқанда, Қазақстан Үстіртті және Үстірттегі аран қақпандары.
Ғани Мұқашұлы
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал