Павлодарда көпқабатты үйден құлаған мұз әйелдің басын жарды

Павлодарда аптап ыстықта көктен мұз құлады. Тұрғын үйдің жоғарғы қабатынан құлдилаған мұз кесегі көшеде кетіп бара жатқан әйелдің басын жарған. Ол сол сәтте сәбиін арбамен серуендетіп жүрген. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Қатты соққыдан әйел қолындағы арбаны жіберіп алады. Бірақ жарақатына қарамастан, бірден соңынан жүгіріп барып, еңіспен сырғып кеткен арбаны ұстап үлгереді. Дәрігерлер зардап шегушінің миы шайқалғанын анықтап, басындағы жараға бірнеше тігіс салған. Оқиғаның болғанына бір айға жуық уақыт өтсе де, кінәлілер әлі жауапқа тартылмаған. Әйелдің туыстары: «Күдіктілерді өз күшімізбен іздеуге мәжбүр болдық», — дейді. Ал полиция денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Алтынбек Медьяров, ПБ Оңтүстік бөлімі басшысының орынбасары:
— Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп, куәгерлерден жауап алды. Сондай-ақ басқа да тергеу әрекеттерін жүргізді. Бейнежазбада жәбірленушінің үстіне заттың құлаған сәті тіркелген. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Осы фактіге қатысты бір тұлғаны анықтап, оны заңда белгіленген жауапкершілікке тарту бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда.
Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, оған заң бойынша 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы немесе өзге де жаза тағайындалуы мүмкін. Сонымен қатар мұндай істерде тараптардың татуласуына да заң мүмкіндік береді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал