Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдікті қыздың өзі бірінші пышақ сұққанын мәлімдеді. Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот тергеуі жүріп жатыр. Бүгін сотталушы Шерхан Аймаханнан жауап алынды. Ол Нұраймен 2025 жылдың жазында кездесе бастағанын, ал қазан айында үйленеміз деп шешкенін айтады.
Гүлдана Сейдрасул, тілші:
— Бүгінгі сот тергеуінде алғаш болып жауап берген күдікті Шерхан Аймахан бірнеше жаңа мәліметпен бөлісті. Мәселен 11 қаңтар күні бойжеткенмен айырылысатынын айтуға барғанда: «Нұрай маған бірінші болып пышақ сұқты, ары қарай есімде жоқ» деген мәлімдеме жасады. Ал оған дейін қыздың тұрмысқа шығуға өз еркімен келіскенін айтты. Тіпті бірнеше ай бойы қанша сомада ақша беріп көмектескенін және сыйлық берген сәттерін де еске алды.
Айыпталушының айтуынша, оқиға болған күні Нұраймен арадағы қарым-қатынасты тоқтатып, сақинаны қайтармақ болған. Кездесуге шығар алдында көлігінің затсалғышын ашып, ішінен екі пышақты көргенін, кейін оларды киімінің қалтасына салып, ұмытып кеткенін айтты.
Шерхан Аймахан, күдікті:
-«Грамадтың» алдында жолығып тұрған кезімде Нұрай келді, мен: «Нұрай, қалайсың?», — дедім, «Жақсы, өзің қалайсың?» — деді. Содан кейін мен айттым: «Бұлай істеп жүргенің дұрыс емес, мазақ қылып жүрсің бе?» деп солай айттым. Және де мен бір кезде машинада қалып кеткен жүзігін өзіне тапсырып, «болды, айырылысамыз, бұдан кейін мен сенімен сөйлесуге де, жүруге де зауқым жоқ» деген кезде ол жүзікті алып жынданып, жолдың бетіне лақтырған болатын. Және неше түрлі боғауыз сөздер айтып, менің көкірегімнен ұра бастаған болатын. Және сол кезде пышағым сезіліп, пышақты Нұрайға ұсынып, «оданша мені пышақта», — дедім. Ол сол қолына алып, сол қолымен маған соққы жасаған болатын ішіме. Сол кезде мен артқа шегініп үлгердім, содан кейін қалай болғаны менің есімде жоқ.
Ал көлігіндегі екі бірдей аңшылық қаруды 2023 жылы аңға шыққанда және ет кесуге қажет болып қалар деп сатып алғанын айтты. Күдікті Нұрайды өлтірген сәтте аффект жағдайында болғанын жеткізді. Алайда, аффект сөзінің мағынасын түсінідіріп бере алмады. Шерхан Аймаханның айтуынша, жәбірленуші екеуі қыз-жігіт болып жүрген және Нұрайға үйленуге сөз салған. «Тек бойжеткен келіскен соң ғана, Шымкентке қарай жолға шықтық», — дейді ол.
Шерхан Аймахан, күдікті:
— Сөз салған болатынмын гүл шоқтарымен. Өзі суретке түсті, мен түсірдім, гүл шоғын бердім.
Судья:
— Өз еркімен келсе, неге үйге келгеннен кейін қарсылық білдірді.
— Әке-шешесі қоймай алып кетті ғой, қарсы боламын деп. Және екеуміз отырған кезде де әкесі «қайт» деп жаман сөздер айтқан ба…
Айыпталушы кінәсін мойындаған жоқ. Ол 2019 жылы бассейнге құлап, басын ұрып алғанын, жалпы апталап есін жоғалтып жүре беретінін айтты. Десе де, айыпталушы диагнозы үшін кешірім сұрады. Сөзінше, Нұрай күдіктінің диагнозы туралы білмеген. Еске салайық, сот-психиатриалық сараптама шерхан Аймаханның сау екенін растайтын анықтама берген.
Шерхан Аймахан, күдікті:
— Мен осы іс-әрекетім үшін Нұрайдың ата-анасынан және ағаларынан, туысқандарынан, өзімнің әке-шешемнен кешірім сұраймын. Мұндай іс-әрекетке жетеді деп мен ешқашан ойламағанмын, бүкіл Қазақстаннан кешірім сұраймын. Осындай ауруым бола тұра, емделуге жатпай, өз-өзіме қарамай, осындай жағдайға жеткеніме кешірім сұрап отырмын.
Ауруының салдарынан «оқиғаның қалай болғаны есімде жоқ» деген күдікті Нұрайға қосымша арқылы қанша қаржы аударғанын, қолма-қол ақшаны қанша сомада және не үшін бергенін тізіп айтып берді. Сондай-ақ сот тергеуінде жәбірленушінің өкілі Бауыржан Сағымбек жауап берді. Жалғыз қызы туралы естеліктерімен бөліскен әкесі Нұрайға күдіктінің ақша бергені туралы кейіннен білгенін және ол ақшаны қайтарып бергенін атап өтті.
Бауыржан Сағымбек, марқұмның әкесі:
— Ешқандай ер-азаматқа лайық жігіт емес. Адамдық қасиеттен, тәрбиеден жұрдай. Полиция бөліміне, прокуратураға барып, арыз-шағым бердік. Егер де бір шара қолданған кезде мұндай нәрсе болмайтын еді.
Айта кетейік, дәл қазір сот тергеуінде марқұм Нұрай Серікбайдың анасы куәлік беріп жатыр.
Гүлдана Сейдрасул, Мирас Ашенов
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.