Қырық жамау құбырлар жаңартылады. Еліміздің коммуналдық және инженерлік инфрақұрылымын жаңарту үшін 13 трлн теңге бөлінбек. Ауқымды жаңғырту жұмыстары халықтың басты мәселелерін шешуге бағытталған.
Еліміздің коммуналдық және инженерлік инфрақұрылымның тамырына қан жүгіретін болды.«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының қабылдануы күрмеуі шешілмей келген түйткілді шешетін сияқты. Жаңа жоба жылу, электр, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы табиғи монополиялардың 247 субъектісін құрайды.
Асан Дарбаев, Ұлттық экономика вице-министрі:
— 2029 жылға қарай 70 коммуналдық кәсіпорынды тәуекелі жоғары дағдарыстық аймақтан шығару жоспарланып отыр.Тұрақты инфрақұрылымы бар кәсіпорындар бар. Ағымдағы жылы жалпы көлемі 1 трлн 138 млрд теңге қаржы есебінен 12 мың шақырым инженерлік желі жөндеу көзделген.
5 жылдық инвестицияның жалпы көлемі 13 трлн теңгені құрайды. Осы уақыт ішінде талай жыл жыр болған коммуналдық қызметтің жыртығы жамалып қалуға тиіс.Мамандарының есебінше, аталған қаражат инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендетпек.
Айзат Тұрғынбекқызы, тілші:
— Бұл қаражаттың есебінен 84 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, жаңғыртылады. Жалпы қуаты 7300 мегаватт болатын энергия көздері іске қосылады. Сондай-ақ 27 энергия өндіру нысаны салынып, жаңғыртылады. «Нәтижесінде желілік инфрақұрылымның тозу деңгейі ел бойынша орта есеппен 40%-ға дейін төмендейді», — деп отыр жауапты ведомстводағылар.
Ұлттық жоба аясында 2 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау және су бұру желілерін реконструкциялау да жоспарлануда. Жаңа жобаны іске асыруға жеке және шетелдік капитал тартылған. 2026 жылға мақұлданған қарыз қаражатының жалпы көлемі 625 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде алты жетекші халықаралық қаржы институты қарастырылған. «Бұл шаралар ұзақ мерзімде әрі төмен құны бар қаржы ресурстарын тартуға мүмкіндік береді», — деді Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев..Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың бірыңғай цифрлық платформасы – Smart Turmys платформасының екі модулін енгізу жұмыстары да жүріп жатыр. Еліміздегі инфрақұрылымды жаңғырту барысындағы қажетті тетіктерді реттеуді премьер министр тиісті ведомстволарға қатаң тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
— Ұлттық жобаны жүзеге асыру мәселесі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Қажетті нормативтік құқықтық база толықтай қабылданды. Инвестициялық жобаларды қаржыландыру тетіктері айқындалды. Өңірлерде ауқымды жөндеу жұмыстары басталды. Белгіленген нысаналы көрсеткіштерге уақытылы қол жеткізу үшін инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын сақтап қана қоймай одан әрі арттыра түсу қажет. Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Ұлттық жобаны іске асыруға бағытталған инвестициялық қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуге тиіс.
Барлық өңір әкімдіктері биылғы 1 қыркүйекке дейін 2027 жылға жоспарланған жобалар бойынша Ұлттық жобаның электрондық платформасына тиісті өтінім жіберіп, оларды мүдделі тараптармен келісуді қамтамасыз етуді тапсырды. «Әрбір басшы ұлттық жобаның нақты мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізуге және барлық іс-шараның уақтылы жүзеге асырылуына тікелей жауапты», — деді Премьер министр.
Айзат Тұрғынбекқызы, тілші:
— Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асырып жатыр. Еліміздегі бүкіл базалық инфрақұрылымның ауқымды құрылысы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және экономиканың одан әрі орнықты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Айзат Тұрғынбекқызы, Джами Бейсенов
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.