Төбесі қисайған мектеп. Солтүстік Қазақстан облысы Белое аулындағы ескі ғимараттың орнына жаңасы салынып жатыр. Аймақтағы 14 білім ошағы күрделі жөндеуден өткен. Жаңа оқу жылы қарсаңындағы қарбалас жайында тілшіміз Самат Қайырденұлы баяндайды.
Самат Қайырденұлы, тілші:
— Облыс орталығынан 9 шақырымдай ғана жерде орналасқан Белое ауылындағы мектеп былтыр көктемде апатты деп танылды. Содан бері 100-ден астам оқушы көрші Пеньково елді мекеніне қатынап оқуға мәжбүр. Ата-аналардың талабынан кейін ескісі бұзылып, орнына жаңа білім ұясы тұрғызыла бастады. Оның құрылысы жоспар бойынша келер жылы қаңтар айында аяқталуы тиіс.
Светлана Магуянова, Белое ауылының тұрғыны:
— Түстен кейін оқып жүрміз. Түстен кейін қараңғы болады, сосын аязды күндер бар. Сондай мәселелер туындап отыр. Сондықтан біз ауыл тұрғындары жаңа мектепті күтіп отырмыз. Жаңа мектеп ашылса, қазақ сыныптары ашылса, өте жақсы болады.
Қызылжар ауылындағы Соколов орта мектебі де әбден тозған. Өткен ғасырдың 60-жылдары пайдалануға берілген ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. 260 бала білім алатын мекемеге 200 миллион теңге бағытталды. Жоба екі жылға арналған.
Гүлшәт Сыздықова, мектеп директоры:
— Жоспарланған жөндеу жұмыстарының бір бөлігі биыл аяқталса, қалғаны келер жылы жүзеге асырылады. Қазір шатыры ауыстырылып, жылыту жүйесі, спорт залы және кіреберісі жаңа кейіпке енеді. Барлық жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Ата-аналар, оқушылар бәріміз қадағалап, асыға күтіп отырмыз.
Білім басқармасы өкілдерінің сөзінше өңірде ұзын саны жүзден астам мекеме қалыпқа келтіріледі. Олардың дені ауылдық жерде. Айта кету керек нысандардың 65%-ында шаруалар аяқталған.
Әсел Оразбаева, Білім басқармасының баспасөз хатшысы:
— Биыл 14 білім беру нысанында күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның 11-і орта білім беру нысаны. Мектеп пен балабақшаларда су жүйесі, электр жүйесі, жылыту жүйесі жаңартылып келеді. Оған қоса, шатыр, қасбеті, кіреберістері жөнделуде. Жұмыстардың бәрі жаңа оқу жылының басталуына дейін аяқталуы тиіс.
Бүгінде өңірде 444 мектеп бар. Оның көбі ескірген. Сондықтан жауаптылар бұл мәселені кезең-кезеңмен шешуді жоспарлап отыр.
Самат Қайырденұлы
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.