Елордада «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі басталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараның шымылдығын түріп, сөз сөйледі. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров пен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон да халықаралық мультиспорт додасының ашылу салтанатына қатысты.
Ғани Мұқашұлы, тілші:
— Санаулы минут бұрын Астанада «Болашақ ойындарының» жалауы ресми түрде желбіреді. Енді елордамыз алдағы 12 күн бойы әлемдік спорт пен цифрлық технологиялардың тоғысқан алаңына айналады. Биылғы жарысқа әлемнің үздік киберспортшылары жиналған. 35 мемлекеттен мыңға тарта спортшы келді. Олар 8 ойын түрінен сынға түсіп, өзара мықтыны анықтайды.
«Болашақ ойындары» дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияны ұштастырған, жаһандағы ең креативті әрі қызық жарыстардың бірі саналады. Биыл да осы дәстүрден шет қалмай көрерменге бұрын-соңды болмаған талас-тартысқа толы формат ұсынуға дайын. Болашақ ойындарының басты ерекшелігі – фиджитал форматында өтеді. Командалар алдымен виртуалды әлемде бақ сынайды. Кейін дәл сол қарсыласымен спорт алаңында кездеседі. Жеңімпаз екі кезең қорытындысы бойынша анықталады. Мұнда физикалық дайындықпен қоса технологияны меңгеру қабілеті шешуші рөл атқарады.
«Болашақ ойындары» 8 спорт түрінен өтеді. Ондаған команда қатысады. Біздің елден 11 команда бақ сынайды. Турнирдің жалпы жүлде қоры 4,5 млн доллардан асады. Яғни әр ойынға 75 мыңнан бастап, 1 млн долларға дейінгі аралықта қаржылай сыйақы қарастырылған.
Осы бір айтулы турнир биыл үшінші мәрте өткелі отыр. Алғаш рет 2024 жылы Ресейде бастау алса, былтыр Абу-Дабиде жалғасты. Енді әлемнің түкпір-түкпірінде тақым қысатын милиондаған көрермен Астанаға көз тігіп отыр. Жарыс ұйымдастырушыларының айтуынша, осы бір дүбірлі доданың куәгері болу үшін елордаға 10 мыңға жуық турист келген. Ал турнирдің өзі 4 спорт нысанында ұйымдастырылмақ. Сайыстарды Барыс Арена мен Beeline Арена және Жақсылық Үшкеміров атындағы жекпе-жек сарайы мен QAZAQSTAN жеңіл атлетика спорт кешендері қабылдайды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал