Жапонияда цунами қаупі жарияланды

Жапонияда жойқын жер сілкінісінен кейін цунами қаупі жарияланып, жағалау тұрғындары эвакуацияланып жатыр. Испанияның бірнеше өңірінде орман өрті өршіп, мыңдаған гектар аумақ отқа оранды. Ал Таяу Шығыста жағдай әлі де ушығып тұр. АҚШ пен Сауд Арабиясы Иракқа соққы жасады. Иран қарымта қайтарды.
Бұл Жапонияның оңтүстік-батысындағы Кюсю өңірі. Қуатты жер сілкінісінен жүздеген ғимарат жермен жексен болды. Кей жерлерде көпірдің жол жабыны опырылып, көлік қозғалысы толық тоқтатылған. Табиғи апат салдарынан 37 мыңнан астам үй жарықсыз қалды. Зілзаладан 13 адам қаза тауып, 50-ге жуық тұрғын жараланған.
Санаэ Такаичи, Жапония премьер-министрі:
— Барлық министрліктерге табиғи апаттың салдарын жедел бағалап, жергілікті билікпен бірлесіп құтқару жұмыстарын күшейтуді тапсырдым. Зардап шеккен аймаққа Министрлер кабинеті жанындағы арнайы бағалау тобы жіберілді.

Құтқарушылар үйінді астында әлі де адамдар болуы мүмкін екенін айтады. Іздеу-құтқару жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр. 7,2 магнитудалы жер сілкінісінен кейін Жапонияда цунами қаупі жарияланды.
Ал Оңтүстік Еуропада орман өрті өршіп тұр. Бүгінге дейін қызыл жалын 250 мың гектар аумақты шарпыған. 330 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Ең көп зардап шеккен — Испания елі. Мұнда 200 мың гектар жер отқа оранған. Бұл Испания тарихындағы ең ірі орман өрті
Таяу Шығыстағы ахуал әлі де күрделі. АҚШ пен Сауд Арабиясының қарулы күштері Ирактың Найнава провинциясындағы Иран қолдайтын қарулы топтардың нысандарына әуеден соққы жасады. Иран да қарап қалған жоқ. Осыдан кейін АҚШ-тың әскери базасы орналасқан елдерге зымыран және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасады. Соңғы мәлімет бойынша, Иорданиядағы әскери базада үш америкалық сарбаз қаза тауып, Ирактағы тағы бір әскери нысанға соққы жасалған.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал