Павлодарда әйелдің басына мұз кесегі құлаған оқиғаға қатысты жаңа дерек шықты

Павлодарда көпқабатты үй төбесінен әйелдің басына мұз кесегі құлаған оқиғаға қатысты жаңа дерек белгілі болды. Кеше біз бұл оқиға туралы айтып, кінәлі адамның әзірге анықталмағанын хабарлаған едік. Еске салсақ, әйел кішкентай баласын арбамен серуендетіп жүрген сәтте басына мұз кесегі құлаған. Қатты соққыдан қолындағы арбаны жіберіп алғанымен, бірден соңынан жүгіріп, тоқтатып үлгерген. Зардап шеккен әйелдің миы шайқалып, басынан жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Ал бүгін полиция оқыс оқиғаға 12 жастағы қыздың қатысы барын мәлімдеді.
Павлодар облысының полиция департаменті:
— Анықталғандай, оқиғаға абайсызда 12 жастағы кәмелетке толмаған жасөспірім қыздың қатысы болған. Оның айтуынша, ол балконда тұрған кезде мұз кесегін сындырмақ болған. Алайда мұз қолынан абайсызда шығып кетіп, төменге құлап, өтіп бара жатқан әйелге тиген. Оқиғадан қорыққан балалар болған жағдай туралы ересектерге айтпаған және ата-аналарынан жасырған. Баланы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ата-аналар болған жағдайды толық мойындап, өкініш білдірді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал