Сайлауға 25 күн қалды. Қазір сайлауалды үгіт-насихат науқаны қызған шақ. 23 шілдеде Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына арналған бюллетеньдегі партиялардың орналасу ретін анықтаған болатын. Оған сәйкес тізім басында «Әділет» партиясы, одан кейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы, Қазақстан Халық партиясы, «Ауыл» партиясы, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы және «Respublica» партиясы тұр. Сайлауалды үгіт-насихат 21 тамызда аяқталады. Ал 22 тамыз – Тыныштық күні.
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай мен партияның сайлауалды штабының мүшелері Атырау жұртшылығына Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған бағдарламаны таныстырды. Өндірісті өңірге табан тіреген әділеттіктер алдымен аймақтағы ірі кәсіпорындардың еңбек ұжымымен кездесті. Өзекті мәселелер талқыланған еркін алаңда белсенді жастар волонтерларға басымдық беруді, инклюзивті білім берудегі олқылықтарды, лудоманиямен күресті қатаңдату, креативті индустрияны дамыту бойынша ұсыныстарын ортаға тастады.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның сайлауалды штабы өңірлердегі халықпен кездесуін жалғастырып жатыр. Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында партия өкілдері жергілікті тұрғындармен жүздесіп, ауыл өміріндегі өзекті мәселелерді талқылады. Кездесу барысында жолдардың жай-күйі, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, жер мен тұрғын үйге қатысты түйткілдер сөз болды. Сондай-ақ ауыл жастарын тұрақты жұмыспен қамту және оларды қолдау тетіктеріне ерекше назар аударылды.
Дүниежүзілік табиғатты қорғау күніне орай «Байтақ» жасылдар партиясы «Көліксіз бір күн» экологиялық челленджін өткізді. Партия мүшелері жеке көліктен бас тартып, қоғамдық көлікпен, велосипедпен және жаяу жүрді. Партия төрағасы Азаматхан Әміртаев LRT-мен жүріп, кейін Ботаникалық бақта тұрғындармен кездесіп, «Байтақ» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Ол экологияны қорғау, таза энергетиканы дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау партияның негізгі ұстанымдары екенін айтты.
Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар көкшетаулық тұрғындармен кездесті. Жиында ерекше білімді қажет ететін балалардың мәселесі жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды. Қатысушылар өзекті қоғамдық мәселелерді және ұсынылған бастамаларды іске асыру тетіктерін талқылады.
«Ауыл» партиясының бастамасымен Алматыда «Ауылым-әнім» музыкалық акциясы өтті. Науқан аясында қаладағы 20 қоғамдық автобус пен метро станцияларында қазақтың халық әндері мен патриоттық әндер шырқалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастама ұлттық мәдениетті насихаттап, қала тұрғындарының көңіл күйін көтеруге және қазақ ән өнерін кеңінен дәріптеуге бағытталған.
«Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Ақтөбе облысында жалғасты. Партия төрағасы Дания Еспаева бастаған кандидаттар өңірдегі темірбетон бұйымдары мен құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорын ұжымымен кездесті. Кездесу барысында Құрылтай сайлауының маңызы түсіндіріліп, партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары таныстырылды.
Respublica партиясының өкілдері қаладағы бірқатар өндіріс кәсіпорнында болып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Басқосу барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, теміржол тасымалы, логистиканы жетілдіру және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелері көтерілді. Бұдан бөлек, партия өкілдері студент жастармен кездесіп, түлектерді жұмыспен қамту және жұмысшы мамандықтарының еңбек нарығындағы сұранысын талқылады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.