ШҚО кәсіпорындарда зиянды шығарындылар онлайн бақыланбақ

Шығыс Қазақстан облысында зиянды шығарындылардың көлемі мен рұқсат етілген нормативтері қайта есептелетін болды. Экология министрлігі сарапшыларының тапсырмасына сәйкес, өңірдегі кәсіпорындарда шығарындыларды онлайн бақылау жүйесі жетілдірілмек. Бұл қалдық мөлшерін дәл анықтауға мүмкіндік береді. 2025 жылы Өскемен қаласының атмосферасына 158 мың тонна зиянды зат шығарылған. Бұл — металлургиялық зауыттар, жылу электр орталықтары, автокөліктердің газдары және пеш жағатын жеке сектордағы түтін жиынтығы. Осы уақытқа дейін мәліметтер Экология департаментінің статистикасы мен стационарлық экологиялық бекеттердің көрсеткіштері негізінде жасалып келді. Енді бұл есептеу тәсілі жаңартылып, қосымша экологиялық мониторинг жүйелері орнатылады.
Дәулет Асанов, эколог:
— Бұл жұмыс ең алдымен тұрғындар үшін маңызды. Өйткені адамдар тек есептегі сандарға емес, нақты жұмыс істейтін жүйеге сенуі керек. Қазір қағаздағы мәліметке сүйенеміз, ал жаңа жүйе нақты көрсеткішті көрсетеді. Сонда біз шығарындылар көлемін кәсіпорынның берген есебі бойынша емес, жүйенің нақты тіркеген дерегі бойынша білетін боламыз.
Әсет Сүлейменов, экология департаментінің басшысы:
— Бұл шекті рұқсат етілген шығарындылардың жиынтық жобасы. Қарапайым тілмен айтқанда, осы құжат арқылы өңірде атмосфераға нақты қанша көлемде зиянды зат шығарылатынын анықтаймыз. Мысалы, бүгінде облыста тіркелген 132 мың автокөліктің қоршаған ортаға қанша көлемде зиян бөлетіні нақты есептеліп, олардың жалпы ластануға қосатын үлесі айқын көрсетіледі.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал