Олар Денсаулық сақтау министрлігінің №103 бұйрығы шыққалы томотерапияға қол жеткізу қиындағанын айтады. Бірі ем ақысын өзі төлесе, енді бірі баласын Алматыға не шетелге апарып сабылып жүр. Ал министрлік мұнымен келіспейді. Томотерапия ешқайда кеткен жоқ, тек ем көрсету тәртібі өзгерді дейді.
Серік Доскенов бір жылдан бері қатерлі ісікпен күресіп жүр. Дәрігерлер оған сәулелі терапияның 28 ем-шарасын тағайындаған. Оны науқас Астанадағы «Үміт» томотерапия орталығында алып жүрген. Бірақ былтыр қазан айында Денсаулық сақтау министрлігінің №103 бұйрығы шығып, орталық емнің бұл түрін мемлекет есебінен жүргізуді тоқтатқан. Құжатқа сәйкес, томотерапия енді тек күндізгі стационар жағдайында көрсетілуі тиіс.
Серік Доскенов, науқас:
— Менде алты процедура қалды. Амал нешік. Балалар, бауырлар, туған-туыстардың барлығынан көмек сұрап жинап, 6 процедураға 813 мың теңге төледім. Сөйтіп, 6 процедураны ақылы өттік. Жағдайы келмейтіндер, көпбалалы жанұялар төлей алмайтын болды. Сондықтан амалсыздан протоколды бұзып, басқа центрлер арқылы емделді.
Томотерапия орталығында бұл ем тек амбулаторлы жағдайда жасалған. Министрлік ондай емге тыйым салған соң, сырқаттарға томотерапияны Ұлттық онкология орталығы мен Астанадағы көпсалалы медициналық орталықта жалғастыруға тура келді. Бірақ, ондағы аппараттар басқа. Томотерапияның артықшылығы – сәуле ісіктің дәл өзіне бағытталады, айналасындағы сау тіндер мен ағзаларға зияны аз. «Томотерапияның тоқтағаны әсіресе, кішкентай балаларға қиын болды», — дейді онкологиялық дертке шалдыққан баланың әкесі Виктор Королёв.
Виктор Королёв, науқас баланың әкесі:
— Қазір сәулелік терапияны наркозбен қабылдауы тиіс кішкентай балаларды Алматыға жібереді. Себебі Астанада бұл ем тек «Үміт» орталығында жасалатын. Ал Ұлттық онкология орталығында мұндай ем жасалмайды. Енді баласын Алматыға апаратын отбасылардың жол, баспана, басқа да шығындары бірнеше есе артып отыр.
Біз мән-жайды томотерапия орталығы басшысынан сұрадық. Оның айтуынша, орталық міндетті медициналық сақтандыру қорының есебінен науқастарға томотерапияны алты жыл бойы тегін жүргізіп келген. Әр науқасқа бір сеанс үшін қор 218 мың теңге төлеген. Ал 2025 жылдың 1 қазанында Денсаулық сақтау министрлігінен науқастарды таратыңдар деген бұйрық түсті, — дейді орталық директоры.
Ержан Шаяхметов, томотерапия орталығының директоры:
— Министрліктен қағаз келеді, амбулаторлық ем өтуге болмайды. Ол науқасқа зиян. Науқасты жатқызып керегі жоқ. Ол Үкіметтің қанша шығыны. Тамағы бар, төсегі бар. Жататын орны бар. Светі бар, суы бар. Медқызметкерлер күні бойы, түні бойы жүруі керек, үш ауысым дәрігер, ол қанша шығын.
Қарқын Өмірсерік, радиациялық онколог:
— Бүкіләлемдік практика бойынша барлық жерде амбулаторлы химиятерапия, лучевой терапияға көшіп жатыр. Себебі науқастарға біріншіден психология жағынан больницада, стационарда жатып емделгеннен қарағанда үйден келіп кеткен, үйдегі тамақпен, психология жағынан өте жақсы көмектеседі.
Онкологиялық науқастар жақында Денсаулық сақтау министрлігінің №103 бұйрығын жоюды талап етіп, Бас прокурордың атына ұжымдық арыз жолдаған. Бірақ ведомство науқастардың уәжімен келіспейді. Министрлік өкілінің сөзінше, томотерапия тегін медициналық көмектен алынған жоқ. Тек ем түрі жоғары технологиялық көмектен мамандандырылған медициналық көмек санатына ауыстырылған. Ал емнің тоқтап қалуына министрлік емес, жекеменшік клиникалардың өздері себеп. Олар қолданыстағы тарифке келіспей, томотерапия көрсетуді өз еркімен тоқтатты дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты өкілі.
Айша Молдашева, ҚОР ҒЗ институты басқарма төрағасының орынбасары:
— Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені шешу үшін клиникалармен жұмыс жүргізді. Аппараттар бос тұрмай, науқастар ем ала беруі үшін тарифтер қайта қаралды, бұйрықтарға өзгерістер енгізілді. Қазір бұл құжаттар жаңарту сатысында. Томотерапия жүргізетін жекеменшік клиникалармен бірнеше кездесу өтті. Оларға жаңа талаптар мен жаңа тарифтер ұсынылды. Енді бұл шарттарды қабылдап, жұмысты қайта бастау-бастамау әр клиниканың өз шешіміне байланысты.
Министрлік мәселе клиникалар жаңа шарттарды қабылдағаннан кейін шешіледі деп сендіріп отыр. Ал онкологиялық науқастар үшін әр күннің, әр емнің маңызы зор. Сондықтан олар мәселе созылмай, тезірек шешім қабылданса дейді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.