Түркістан облысында ер адамды таныстары пышақтап өлтіріп кеткен

Қанды қылмыс Түлкібас ауданында болған. «32 жастағы Маханбет Тұрғанбекті ауылдастары шақырып алып, кеңірдегіне пышақ сұғып өлтірді», — дейді туыстары. Жантүршігерлік жағдайға не себеп болғаны белгісіз. Ал марқұмның жақындары оған бес адамның жабылғанына сенімді, «Алайда, күдіктінің тек біреуі ұсталды», — деп отыр.
Түлкібас ауданындағы бұл қайғылы жағдай 19 шілде күні болған. Мейрамхананың бейнебақылау камерасындағы кадрларда 5 адамның біреуді тепкінің астына алып жатқанын көруге болады. «Маханбет Тұрғанбекті ауылдастары соққыға жығып қана қоймай, кеңірдегіне пышақ сұғып, қансыратып тастап кеткен», — дейді туыстары.
Жақындарының айтуынша, 32 жастағы Маханбет Тұрғанбекке таныстары түнгі сағат оннан бастап он екіге дейін тоқтаусыз хабарласып, кездесуге шақырып, бармасына қоймаған. Бірақ үйден шығып кеткен соң Маханбетпен байланыс үзілген. Тек түнгі бір жарым шамасында ғана суыт хабар жетіпті.
Бакизат Алтынбекова, марқұмның анасы:
— Менің балам қара жерде жатыр, қалғандарының барлығы үйлерінде тамақ ішіп, ойнап күліп жүр. РОВД-ға өтініш жазам деп барған кезімде мені шақырмады, ит қапса да, милиция келеді, «не үшін қапты?» деп сұрайды, арыстай азамат қайтыс болып отыр, неге келмейді олар? Осы ауылдың балалары, өзінің достары араласып жүрген, осы ауданда бәрі бір-бірін таниды, ауылды жер кішкентай жер ғой.
Марқұмның келіншегі арада 11 күн өтсе де, қамауға тек бір адам алынғанын айтады. Қара жамылған отбасы өзге күдіктілердің әлі күнге дейін ұсталмағанына наразы. «Олар Маханбетті азаптап өлтіргенімен қоймай, телефонына жауап беріп, бізді мазақ етті», — дейді, жұбайы.
Индира Көлбай, марқұмның әйелі:
— Денесіне адам қарайтындай күйде болған жоқ. Басын бәрін жарып тастаған, аяқ-қолының саусақтарының бәрі сынып, көгеріп, ісіп кеткен. Қолына екі жерге пышақпен жарақат салынған. «Сіздің күйеуіңіз бе, емес пе көріңіз», деп бетіндегі матаны ашқанда тура тамақтан, кеңірдектен қан суша атқылап жатты. Кеңірдектің үстіңгі жағына да пышақ сұғылған. Күйеуіме екінші рет қайта хабарласқанда екінші ретте де сол кісілер телефонды көтеріп, «Индира, Махамбет парктің аяқ жағына кетіп қалды, телефоны бізде қалып кетті», — деді. Мен телефонды үйден алып, далаға тапшанға зарядкаға қойғанда қайын ағама хабар келді «жүріп кетті» деп. Бұлар менің күйеуімді ұрып өлтіріп тастап, оның телефонына жауап беріп, бізге: «Қазір барып қалады», — деп алдап отырды.
Маханбет Тұрғанбек отбасын асырау үшін Ресейде ауысымдық жұмыс істеген. 20 шілде күні қайтадан қызметіне кірісу үшін жол жүру керек болыпты. Алайда, 19 шілдеде шығып кеткеннен үйге тек мүрдесі оралды.
ЦИТАТА: Түркістан облысының Полиция департаменті:
— Марқұмның артында шиіттей бес баласы мен жары қалды. Үлкен қызы небәрі 11 жаста болса, ең кішісі әлі қырқынан да шықпаған. Маханбеттің жақындары іс әділ тергеліп, қанды қылмысқа қатысы бар барлық күдікті жазасын алса екен дейді.
Гүлдана Сейдрасул, Мирас Ашенов
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал