Таяу Шығыстағы шиеленіс қайта ушығып, АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс жаңа құрбандарға әкелді. Ал Жапонияда жойқын жер сілкінісінің салдары әлі жойылмай жатыр.
АҚШ-тың Иранға жасаған кезекті әуе соққысы бейбіт тұрғындардың өмірін қиды. Иран билігінің мәліметінше, Кешм аралында тұрғын үйге жасалған шабуылдан бір отбасының төрт мүшесі қаза тапқан. Арасында әкесі, анасы мен екі жасар сәби бар. Ал жеті және тоғыз жастағы екі бала үйінді астынан тірі табылып, ауруханаға жеткізілген. Иран билігі бұл шабуылға АҚШ-ты кінәлап отыр. Алайда Вашингтон тұрғын үйге соққы жасалғаны немесе бейбіт тұрғындардың қаза болғаны туралы ақпаратқа қатысты әзірге пікір білдірмеді.
Мұнай бағасы тағы өсті
Әлемдік мұнай бағасы екінші күн қатарынан қымбаттады. Бұған АҚШ пен Иран арасындағы әскери шиеленістің қайта күшеюі және Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалына төнген қауіп себеп болып отыр. Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 91 доллар, 8 центке, ал америкалық WTI 84 доллар 85 центке дейін көтерілді.
Мысыр портында америкалық газ кемесіне дронмен шабуыл жасалды
Мысырдың Думьят портында америкалық сұйытылған табиғи газды сақтайтын кемесіне дрон шабуыл жасап, артынша өрт шықты. Жалын кейін маңайдағы газ тасымалдаушы кемеге де тараған. Мысыр билігі шабуыл салдарынан зардап шеккендер жоқ екенін, өрттің жедел сөндірілгенін хабарлады. Әзірге шабуылды ешбір топ өз мойнына алған жоқ.
Жапонияда мыңдаған тұрғын жарық пен сусыз қалды
Жапонияның оңтүстік-батысында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын жою жұмыстары үшінші тәулікке жалғасып жатыр. Табиғат апатынан Кюсю аралындағы Кумамото префектурасы ең көп зардап шекті. Соңғы мәлімет бойынша 28 адам қаза тауып, ондаған тұрғын жараланған. Мыңдаған адам уақытша орналастыру орталықтарын паналауға мәжбүр. Зілзала салдарынан тұрғын үйлер қирап, жолдар, көпірлер мен электр желілері зақымданған. Қазір 23 мыңнан астам үй жарықсыз, ал 75 мыңға жуық абонент ауыз сусыз отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.