1 қаңтардан бастап ипотекалық несие беру тәртібі өзгереді

Баспана алу оңайлай ма, әлде талап күшейе ме? Келер жылдан бастап ипотека беру тәртібі өзгереді. Пайыздық мөлшерлеме алғашқы жарнаға тікелей байланысты болмақ. Бұл өзгерісті тұрғындар қалай қабылдады?
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ипотекалық несие беру тәртібі өзгереді. Енді банктердің ең жоғарғы сыйақы мөлшерлемесі қарыз алушының алғашқы жарнасына байланысты белгіленеді. Яғни, бастапқы жарна неғұрлым көп болса, ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі де соғұрлым төмен болады.
Аят Қарымсақ, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің департаментінің бас маманы:
— LTV мәні 0,7-ге дейін болған кезде 20%-ке дейін, 0,7-ден жоғары болған кезде 25%-ке дейін, Тұрғын үй құнының кемінде 30% мөлшерінде бастапқы жарнамен сатып алатын қарыз алушылар ипотекалық тұрғын үй қарыздарын неғұрлым төмен құнмен ала алады.
Алайда сарапшылардың айтуынша, пайыздық мөлшерлеме төмендегенімен, алғашқы жарна бойынша талап күшейген. Демек, ипотека ала алатын азаматтардың саны азаюы мүмкін. Тағы бір өзгеріс бар. «Отбасы банк» ипотекалық бағдарламаға сәйкес келетін тұрғын үйлердің тізімін кеңейтті. Енді пайдалану мерзімі 60 жылдан аспайтын панель мен бетоннан салынған баспаналарды да несиеге алуға болады. Бұған дейін мұндай талап 50 жылмен шектелген еді. Мамандардың сөзінше, бұл екінші нарықтағы баспаналардың сатылымын жандандыруы мүмкін.
Қуанбек Қалмақыш, Жылжымайтын мүлік сарапшысы:
— 60 жыл бұрын салынған ескі үйлерді де ипотека арқылы сатып алуға мүмкіндік бар. Бұл, әрине, жақсы жаңалық. Соның нәтижесінде бұрын ипотекаға өтпеген көптеген пәтерді енді несиеге рәсімдеуге болады. Бұл тұрғын үй нарығындағы сатып алу белсенділігін арттырады деп ойлаймын.
Ал тұрғындардың ипотекаға көзқарасы әртүрлі. Бірі пайыздық мөлшерлеме мен алғашқы жарнаны төмендету қажет десе, енді басқалары әуелі қаржы жинап барып баспана алған тиімді деп есептейді.

— Ипотека алу негізі тиімді. Бірақ жылын шамалы азайтса, сосын алғашқы жарнасын алып тастаса. Халыққа тиімді қылса.

— Неғұрлым көп қаражат жинаған сайын ипотекалық жүктеме де соғұрлым азаяды. Жалпы ипотека дұрыс. Өйткені бұл – жеке баспанаға қол жеткізудің тиімді жолы.

— Ақшаны жинап барып алған тиімді. Айлық табысқа байланысты. 50/50 алдым. Ипотекалық бағдарлама бойынша үй алған дұрыс, тиімді. Дұрыс консультация бере алады. Бірақ ортада риелторлардың араласуы дұрыс емес.

— Меніңше, алғашқы жарна халыққа қолжетімді деңгейде болуы керек, ал пайыздық мөлшерлеме төмендегені дұрыс. Себебі халықтың табысы аса жоғары емес. Сондықтан тиімдірек ипотекалық бағдарламаларды көбейту қажет.
Тағы бір жаңалық – «Отбасы банкінің» салымшылары енді ипотека толық рәсімделгенін күтпей-ақ дайын пәтерге көшіп кіре алады. «Ипотекаға дейінгі кілт» атты жаңа жоба аясында алғашқы алты айда жалдауақысы алынбайды. Осы уақыт ішінде клиент депозитін толықтырып, тұрғын үй несиесін рәсімдеуге қажетті құжаттарды әзірлейді. Бұл пилоттық жоба тек Alatau City қаласында іске асырылған. Сарапшылар бұл бастама тұрғындардың баспаналы болуын едәуір жеңілдетінні айтады.
Инара Барсақбаева, Жәми Бейсенов, Берік Нұрсәлімов
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал