Ақтөбе облысында мемлекетке қайтарылған актив қаржысына төрт бірдей ғимарат салынып жатыр. Балабақша мен заманауи аурухана корпусы қаз қатар тұрғызылмақ. Жыл соңына дейін қолданысқа берілетін бұл 4 алып нысанның тұрғындарға қандай пайдасы бар?
Ақтөбедегі Есет батыр шағын ауданында ерекше қажеттілігі бар балаларға деп 300 орындық балабақша салынып жатыр. Жоспар бойынша ғимарат қазан айында пайдалануға беріледі. Әлеуметтік нысан қайтарылған актив есебінен тұрғызылған.
Нұргүл Бертілеуова, Білім басқармасы басшысының орынбасары:
— Құрылыс жұмыстарының 75%-і толығымен аяқталды. Бұл жобаның құны 7,8 млрд теңгені құрайды. Бұл балабақша 5 блоктан тұрады. 5 блокта көру қабілеті бұзылған, есту қабілеті бұзылған, сөйлеу бқзылыстары бар, тірек-қимыл аппараттары бұзылған және сонымен бірге ақыл-ой бұзылысы бар балаларға арнайы бөлек блоктар қарастырылған.
Сондай-ақ Хромтау, Қандыағаш және Шалқардағы аудандық ауруханаға жаңа корпус салынып жатыр. Соңғысының құны 1,5 миллиард теңгеден асады.
Ахмет Елеуов, мердігер компанияның өкілі:
— 2026 жылдың желтоқсан айында тапсырылу жоспарланған. Құрылыс жұмыстары қазір кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. 30-ға жуық қызметкер жұмыс істеп жатыр.
Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін төрт әлеуметтік нысанның құрылысына арнайы қордан 11 миллиард теңге бағытталды.
Ақмарал Төлепбаева, Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту ұлттық жобасының аясында Ақтөбе облысында барлығы 32 нысан жоспарланған болатын. Соның ішінде 23-25 жылдары аралығында 29 нысанның құрылысы аяқталды. Ол дегеніміз, дәрігерлік амбулаториялар, медициналық пунктер және де фельдшерлік-акушерлік пункттер.
Қосымша корпус ашылған соң аурухана ғимараты кәдімгідей медициналық орталыққа айналады. Өйткені емдеу мекемесі заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған. Тіпті инсульт алған науқасқа да жедел хирургиялық операция жасамақ.
Самат Қайырденұлы, Эльмира Ержанова, Азамат Көбегенов
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.