Құм карьерінің астында төрт мың жылдық тарих жатқанын бұған дейін ешкім білмеген. Павлодар облысында археологтар ерте қола дәуіріне тиесілі көне қорымды тапты. Ғалымдардың болжамынша, табылған сүйектер өңірдегі алғашқы металл өңдеуші шеберлердің біріне тиесілі болуы мүмкін. Бұл жаңалық Ертіс өңірінің тарихын толықтырады.
Павлодар қаласынан бірнеше шақырым жердегі құм карьері маңызды археологиялық жаңалықтың орнына айналды. Жергілікті тұрғын адамның сүйектерін байқап, мамандарға хабар бергеннен кейін археологтар қазба жұмыстарын бастап, ежелгі қорымды және оның ішінен құнды жәдігерлерді анықтады.
Наталья Миллер, Археология институтының ғылыми қызметкері:
— Адамның сол қырымен жерленгені бірден байқалады. Бір қолы жамбас тұсына қойылған, оны қол сүйегінің орналасуынан көруге болады. Екінші қолы аяқ жағына түсірілген. Ол қола дәуіріне тән эмбрион қалпында жерленген. Өкінішке қарай мыңдаған жыл өткен соң жерлеу киімдері сақталмаған. Бірақ қабірден кетпен, келсап және тегістелген тас балта шықты. Яғни, марқұмның жанына арнайы тас бұйымдар қойылған.
Археологтар жерлеу рәсіміндегі заттарға қарап, бұл адамның ежелгі металлург болғанын болжауға болады. Себебі қабірдегі құралдар қола дәуірі металлургтеріне тән. Сондықтан бұл үлкен олжа, ғылыми құндылыққа ие. Ол Павлодар Ертіс өңірінің тарихына жаңаша қарауға мүмкіндік береді және аймақтағы металлургияның бастауын терең көне заманнан іздеуге негіз болады деп отыр.
Елена Тушева, Археология институты қорларының бас сақтаушысы:
— Мұнда жер қазуға, кенді ұсақтауға арналған құралдарды және тегістелген тас балтаны көріп отырмыз. Мұның бәрі бұл адамның металл құюмен және оны өңдеумен тікелей айналысқанын көрсетеді. Қазақстан аумағындағы ежелгі кен орындарының картасын жасаған Әлкей Марғұлан Баянауыл тау-кен металлургия орталығы мен Ертіс өңірінің тарихи маңызын ерекше атап өтуі тегін болмады.
Қазба жұмыстары барысында бұдан өзге де күтпеген олжалар табылды. Археологтар көне дәуірге жататын көптеген артефактілерді анықтады. Ғалымдардың пікірінше, бұл аумақта әртүрлі тарихи кезеңдерде адамдар өмір сүрген.
Елена Тушева, Археология институты қорларының бас сақтаушысы:
— Бұл аумаққа адамдар тас дәуірінен бастап қоныстанған. Біз ошақ орнын, сынған қыш ыдыстардың бөлшектерін, көмір қалдықтарын және жануарлардың сүйектерін де көріп отырмыз. Демек, бұл өңірде аңшылықпен және терімшілікпен айналысқан тайпалар ерте заманнан-ақ тұрақты өмір сүрген.
Заманауи зерттеу әдістерінің көмегімен ғалымдар ежелгі тұрғындардың өмірінде металлургияның қандай рөл атқарғанын анықтауды жоспарлап отыр. Мамандардың айтуынша, бұл зерттеу нәтижелері Павлодар Ертіс өңірінің тарихын толықтырып, қола дәуіріндегі металлургияның дамуы туралы білімді кеңейте түседі.
Айзат Тұрғынбекқызы, Галина Трощева, Айбек Ғазиз
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.