Елордада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Осы істің аясында марқұмның анасы бұрынғы күйеу баласының жәбірленуші мәртебесін қайта қарауды сұрап, әлеуметтік желіде үндеу жариялады.
Соңғы күндері әлеуметтік желіде Ұлдана Мырзуан ісіне қатысты түрлі пікір айтылып, қызу талқыға түсіп жатыр. Оған марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнелдің жеке өміріне қатысты ақпараттың таралуы себеп. Яғни, сегіз ай өткен соң оның екінші рет үйленуі. Марқұмның анасы әлеуметтік желі арқылы үндеу жариялап, бұрынғы күйеу баласының жәбірленуші мәртебесін қайта қарауды сұрады.
Салима Ершанқұлқызы, марқұмның анасы:
— Қызымның тергеуі болып жатыр. Әділет жәбірленуші ретінде танылған. Енді бұл жәбірленуші ретінде бас тартқанын қалаймын. Анасы ретінде қызымның заңды мүдделерін қорғауға өз ниетімді білдіремін.
Осы мәселе бойынша тиісті органдармен хабарластық. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қылмыстық іс қалалық прокуратураға жолданған. Ал тергеу барысына қатысты басқа мәлімет жариялауға жатпайды.
Нұрсұлтан Орынбек, заңгер:
— Бұл жерде қоғам да, ол ата-анасы да моральдық тұрғыда Әділеттің бұндай істе жәбірленуші ретінде танылғанын қаламайды. Тергеу аясында сотқа дейін біз алып тастай алмаймыз. Бірақ сот процесі басталған кезде біз жәбірленушілер қатарынан алып тастау туралы талап, тілекпен жүгіне аламыз. Әрине соңғы шешімді сот шығарады.
Марқұмның анасының айтуынша, қызының қазасынан кейін мұрагерлікке қатысты да әртүрлі әңгіме тараған. Алайда мұра заң талаптарына және тараптардың өзара келісіміне сәйкес бөлінген.
Нұрсұлтан Орынбек, заңгер:
— Кез келген мұрагерлікке қатысты істерде бірінші заңды жұбайы, балалары және ата-аналар тең дәрежеде мұрагер бола алады. Аталған жайтқа байланысты мұрагерлік бекітілді. Мұрагерлер қатарында сол Зейнет Әділет жұбайы болғаннан кейін, анасы және әкесі Мырзуан Ұлдананың әкесі мұрагер болып танылды. Енді тараптардың өзара келісімі бойынша көлік ата-анасына берілді, зейнетақы қоры экс жұбайы Зейнет Әділетке тиісті болды.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға былтыр қараша айында елордадағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Зардап шеккендерге көмек көрсетуге барған Ұлдана Мырзуанға ғимараттың қасбетінен құлаған кірпіш пен кондиционердің сыртқы блогы тиіп, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада ол көз жұмды. Кейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлдана Мырзуан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Соңғы процессуалдық шешімдерді құқық қорғау органдары кейінірек хабарлайды.
Диана Орынтай, Сәбит Наурызбаев
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.