«Нұрайдың бет-ауызы адам көргісіз халде болды». Шымкенттегі резонансты қылмыстық іс бойынша сот отырысында қандай жайттар анықталды? Қанды оқиғаның куәгері мен марқұмның жақындары нені мәлімдеді? Адвокаттың бірі айыпталушы Шерхан Аймағанды қорғаудан неге бас тартты?
Бүгін қанды оқиғаны көрген куәгер сот алдында жауап берді. Ол ер адамның жерде жатқан қызға бірнеше рет пышақ сұққанын өз көзімен көргенін айтты. Алайда өзіне де шабуылдай ма деп қорыққан соң, ол жерден қашып кеткен. Куәгердің айтуынша, айыпталушының қолындағы пышақ көлемі үлкен болған.
Куәгер Шерхан Аймаханнан қорқатынын айтып сот залынан шығаруды өтінді. Дүкеннен азық-түлік алып, үйіне қайтып келе жатқанда қыздың шыңғырған дауысын естіген.
Индира Беркімбаева, куәгер:
— Келе жатқан кезде бір бала алдымнан жүгіріп өтті, қашып бара жатты. Мен ұрып қашып бара жатыр екен деп ойладым, балаға «не істеп жатсың, қазір милиция шақырамын» деп айттым, ұрысқан дауыспен. Сөйтіп ары қарай кетіп бара жатқан едім, ол бала артқа қайтты да, сол жерде қарасам жерде қыз жатыр екен. Сөйтіп қызға 2-3 рет пышақпен ұрды. Үлкен пышақ, көрініп тұрады үлкен екені.
Сот барысында марқұм Нұрай Серікбайдың ағалары да куәлік етті.
Сұлтан Серікбай, Нұрайдың ағасы:
— Денесінде сау жер жоқ. Пышақ курткасын тесіп өткен, курткасы жаңа еді. Мойнын айтпай-ақ қояйын, мойнын тескен, бетінде әлпеті жоқ.
Ал Нұрайдың құрбысы олардың Алматыда бірге тұрған үйіне айыпталушының келгенін, одан қатты қорқатынын айтты.
Әлия Серік, Нұрайдың құрбысы:
— Сөйлескім келмейтінін айтқан болатынмын, бірақ бұл адам қайта-қайта «сөйлесейік, Нұрай туралы айтыңызшы, сөйлестіріп беріңізші» деп айтқан болатын. Бірақ мен оған қарсылық көрсеткен болатынмын.
Судья айыпталушының полиция тергеуінде берген жауабын оқыды. Онда Шерхан Аймахан екінші пышақты тек оқиғаның ертеңгі күнінде машинадан алып түскені туралы айтқан. Өткен процесте «Нұрайдың өзі мені пышақтады» деген айыпталушы, ұсталған кезінде істеген қылмысын мойындап, болған жайтты полицияға айтып берген екен.
Самидин Темірәлиев, судья:
— «Нұрайға тыққан пышағыммен өзіме өзім қол жұмсамақшы болдым. Пышақты кішкене тығып, алайда өзіме қол жұмсай алмай қалдым. Дәтім бармады». Мына жердегі жауапта бәрі сіздің есіңізде. Екінші пышақты алмағансыз. Сосын Нұрайға қатысты істеген іс-әрекетіңізге өкініп, өзіңізді өзіңіз пышақтағансыз. Барлық нәрсе есіңізде. Бұны қалай түсіндіріп бересіз бізге?!
Сондай-ақ бүгін айыпталушының бір адвокаты сотта Шерхан Аймаханды ары қарай қорғаудан бас тартқаны туралы айтылды. Айта кетейік, келесі сот отырысы 4 тамызға жоспарланған.
Гүлдана Сейдрасул, Мирас Ашенов
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.