Орталық Азияның әлемдік аренадағы рөлі артып келеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжан басшыларының бейресми кездесуінде мәлімдеді. Мемлекет басшысы жиын өңір елдері арасындағы өзекті мәселелерді талқылап, көпжақты ынтымақтастықтың жаңа басымдықтарын айқындауға мүмкіндік бергенін айтты. Сондай-ақ Әзербайжанның Консультативтік кездесулерге толыққанды қатысушы ретінде қосылуы осы форматтың жаңа кезеңге өткенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бірлескен күш-жігеріміз арқылы саяси диалогты одан әрі тереңдетуге, инвестиция, энергетика, өнеркәсіп салаларындағы қарым-қатынасты жандандыруға, бірыңғай көлік-логистика жүйесін қалыптастыруға қолайлы жағдай жасалып жатыр. Соңғы жылдары өңірішілік сауда ұдайы өсіп, іскерлік байланыс кеңейе түсті. Бірлескен кәсіпорындар құрылып, ортақ инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. Сонымен қатар гуманитарлық қарым-қатынас жандана түсті. Мәдениет, білім салаларындағы, жастар арасындағы ықпалдастықтың мазмұны байып келеді. Осы оң нәтижелердің барлығы бауырлас халықтарымызды одан әрі жақындатуға, және аймақтың беделін нығайтуға ықпал етеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.